Бейбіт күннің батыры – Кентау қалалық полиция бөлімінің инспекторы Нұрлан Абдиев
Кісі өлтіру, адам тонау, мал ұрлығы және алаяқтық сияқты түрлі қылмыстармен жиі ұшырасады. Алдында не күтіп тұрғанын, қандай оқиғаға кез боларын білмейді. Мәселен, өткен жылы Түркістан облысы Кентау қалалық полиция бөлімінің инспекторы пышақпен қаруланған күдіктіні қылмыс үстінде ұстады.
Бұл оқиға 2021 жылдың 12 наурызы күні түні сағат 23:30 шамасында болған. Кентау қалалық полиция бөлімінің инспекторы Нұрлан Абдиевтің айтуынша, сол күні кешке ол отбасылық жанжал бойынша көпқабатты үйлердің біріне барған. Ащы суға тойып алып, отбасының мазасын алған жігітті тексеруден өткізу үшін әріптесімен бірге Түркістан қаласына жолға шығады. Біраз жүргеннен кейін бір топ адамның үймелеп, әлде біреудің жол үстінде жатқан екінші адамға пышақ жарақатын салып жатқанын көреді. Бірден көлікті тоқтатып, сыртқа ұмтылады. Барған бойда көзілеспес жылдамдықпен жауынгерлік тәсілдерді қолданып, күдіктің қолындағы пышағын тартып алған. Қолын қайырып, өзін жерге жатқызған.
Нұрлан Әбдиев, қалалық Полиция бөлімінің инспекторы:
- Өзіме және басқаларға зиян келмес үшін тоқтаттым. Жәбірленушіге де сол жерде жедел жәрдем шақырып, көмектестік. Жәбірленуші ауруханаға барған кезде көз жұмды. Жедел тергеу тобы келген соң жұмысымды ары қарай жалғастыруға кеттім. Әрине, қорқыныш сезімі болады.
Ұсталған күдіктінің бұрын сотты болғаны және Кентау қаласының тұрғыны екені анықталды. Ал Нұрланның бұл ерлігін сол маңда үрей құшағында қорқып тұрған жолаушылар ертесі күні-ақ аңыздай таратып жіберген. Батыр жігіттің өзі бұл туралы ешкімге тіс жармапты. Тіпті отбасына да айтпаған. Зайыбы мен анасы оны Нұрланның әріптестерінен естіген. Анасы 10 баланың кенжесі Нұрлан үшін үнемі алаңдап отыратындарын айтады.
Гүлзада Әбдиева, Н. Әбдиевтің анасы:
- Таңертең ерте кетеді, түскі асқа да келмейді. Түнде де 2-3-те келеді. Кейде таңға жақын келеді. Жұмысы болған соң сондай нәрсемен жүреді. Қорқасың ғой, әрине. Жанымызды шүберекке түйіп отырамыз ғой.
Нұрлан Әбдиев ішкі істер саласында 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алғаш жұмысын жол потрульдік полиция қызметкері болып бастаған. Бірнеше жыл Жаңаөзен қаласында да еңбек етіп, тәжірие жинаған. Қазір Кентау қалалық полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры. Әріптестері Нұрланның адалдығы мен кәсібилігіне тәнті.
Мұхамедәлі Тұрғанбаев, қалалық ПБ басшысының орынбасары:
- Әбдиев Нұрлан Тұрғанбайұлы халықпен, азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасайды. Ілтифатты байланыста жұмыс істейді. Қиыншылықтар мен төтенше жағдайларда дер кезінде шешім қабылдап, өзінің қызметтік әдістерін жақсы пайдаланады.
Қазіргі таңда Нұрлан зайыбы Сәуле екеуі Әлихан есімді бір ұл тәрбиелеп отыр. Болашақта ата-анасы сияқты көп балалы отбасы болуды армандайды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш