Ана мен балаға жедел көмек көрсеткен полиция қызметкері Мұқатай Аяпов көпке үлгі бола білді
Дәрігерлердің айтуынша, сәл кешіккенде қайғылы жағдай болуы мүмкін еді. Келіншек көп қан жоғалтқан. Полицейдің көмегімен ана мен бала аман қалды. Ал тәртіп сақшысы өзінің бұл әрекетін ерлікке баламайды.
Мұқатай Аяпов осыдан 2 ай бұрын ғана Ақсай қаласындағы темір жол станциясының желілік полиция бөліміне қызметке орналасты. Тәртіп сақшысы жұмыс барысында небір оқыс жағдайларға кезіккенін айтады. Әсіресе жолаушылар пойызында бұзақылық, ұрлық деректері жиі тіркеледі екен. Мұқатай қоғамдық тәртіпті қадағалаумен қатар, кез-келген жанға қол ұшын созуға әзір. Әсіресе Орал-Алматы темір жолында толғағы келген әйелді ауруханаға жедел жеткізуі жұртты сүйсіндірді. Пойыз Ақсайдан 5 шақырым асып тоқтаған. Ал теміржол мен трассаның арасы 700 метр шамасында. Ортасын омбы қар басқан.
Полиция қызметкері жүкті әйелдің күйеуімен бірге ат бауырлайтын ақұлпаға қарамастан, келіншекті қызметтік көлікке көтеріп әкелген.
Мұқатай Аяпов, желілік Полиция бөлімінің бастығы:
- Темір жол қызметкерімен сөйлесіп: «менің машинама апарып, больницаға апарайын», – дедім. Күйеуімен бірге матрастан ұстап, көтердік. Ауруханаға келе жатқан кезде мен бірден дәрігерлерге хабарластым. Олар күтіп алды. Жарты сағаттан кейін әйел босанды. «Бәрі жақсы», – дейді.
Дәрігерлер жүкті әйелдің ауруханаға дер кезінде жеткізілгенін айтады. Келіншек көп қан жоғалтып, қатты әлсіреген. Сондықтан ақ желеңділер шұғыл кесір тілігін жасапты. Дүниеге кестетігер келді.
Индира Есентұрлиева, Бөрлі аудандық ауруханасы директорының орынбасары:
- Кішкене кешіксе, тіпті не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Босану мерзімі – 35 апта. Қан кетуіне байланысты шұғыл түрде ота жасалды. Қазір ана мен баланың денсаулығы қауіпсіз.
Сәбилі болған отбасы Ақтөбе қаласында тұратынын білдік. Бұл – олардың төртінші перзенті екен. Ерлі-зайыптылар Орал қаласына қыдырып келген. Айы-күні жетпеген жүкті әйел аяқасты толғағы келеді деп ойламапты.
Айза Жолдасбаева, қала тұрғыны:
- Қызымызды сол түні авиатасымалдаушымен Орал қаласына әкелді. Қызымыз 5 күн жан сақтау бөлімінде болып, аман-сау шығып, қазір қасындамыз. Барлығы жақсы. Подполковник мырзаға, барлық Ақсай қаласындағы, Орал қаласындағы барша дәрігерлерге алғыс айтқымыз келеді. Отбасыларыңызға амандық тілейміз.
Сәбиге Нұрсая есімі қойылған. Қазір ол қалыпты жетіліп келеді. Ана мен балаға жедел көмек көрсеткен полиция қызметкері Мұқатай Аяпов өз әрекетін батырлыққа баламайды.
Мұқатай Аяпов, желілік Полиция бөлімінің бастығы:
- Ол жерде енді кез келген адам солай істейтін еді ғой. Тіпті сіз болсаңыз да келіп, жәрдем беретін едіңіз. Пойыз бастығы Сәдуақас деген кісіге рақмет айту керек, сол кісі пойызды шұғыл тоқтатқан. Келесі станса бір жарым сағаттан кейін болатын еді.
Оқыс жағдайда алтынға бергісіз әрбір секундын тиімді пайдаланып, міндетінен тыс шұғыл әрекетке көшкен полицей көпке үлгі болғаны сөзсіз.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов