Хабар телеарнасы

Полиция қызметіне ат басын бұрған бұрымдылар көбейді

Күш-қуат пен қажыр-қайратты талап ететін мамандықтың көбі ер мен әйел деп бөлуге келмейді. Полиция қызметкерлерінің жайы туралы сөз қозғамақпыз. Соңғы кезде салаға ат басын бұрған бұрымдылар көбейген. 16,5 мыңнан астам қыз-келіншек – тәртіп сақшысы. Олар еліміздегі ең аты шулы істердің өзін зерттеп, қылмыскерлерді табу жұмыстарын үздік орындады.

Әлима Жамалиева жайлы елге танымал прокурор Айжан Аймағанова сұхбаттарында жиі айтады. Себебі Әлима – күллі Қазақстан бақылаған сот процесіне барлық айғақты тыңғылықты жинаған тергеуші. Оның еңбегінің арқасында Салтанат Нүкенованың өлімі сәйкестік емес, нағыз қылмыс болғаны дәлелденді. Бірақ Әлима Жамалиева мұнымен ешқашан мақтанған емес. Себебі 18 жыл бойы бұл оның күнделікті жұмысы.

Әлима Жамалиева, қалалық ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі:

- Ең алғаш жұмыс істей бастаған сәтімнен-ақ маған тергеу қатты ұнады. Адамдармен тығыз жұмыс істеп, ақиқатты ашудан жаным рахат табады.

Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды табу, куәгерлермен тілдесу, күдіктілерді тергеу, қылмысты ашу – оңай іс емес екені әмбеге аян. Бірақ Әлима Жамалиева қиындықтан қашпайды. Бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен тәртіпті күзетіп келеді.

Әлима Жамалиева, қалалық ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі:

- Менің жұмысымда ең қиыны - кісі өлтіруге қатысты істерді тергеу емес. Өзім ана болған соң балаларға қарсы жасалған қылмыстарды ауыр қабылдаймын. Олар істің мән-жайын айтпайтындықтан, мұндай істерді қарастыру қиынға соғады.

Полиция қызметі өжеттілік пен қайсарлықты талап етеді. Соған қарамастан, қызметпен бірге отбасына деген жылулықты да қатар алып жүретін арулар көп. Мәселен, Анар Шәріпова полиция майоры, аяулы жар, 4 баланың анасы.

Анар Шәріпова, Есіл ауданы ПБ жедел криминалистикалық бөлімінің аға криминалисі:

- Өз басым жұмыстан қаншалықты шаршап келсем де, үйге жақсы бір эмоциямен келуге тырысамын. Өйткені үйге кірген кезде балаларым мені қарсы алады. Жылылығымен, күлкілерімен мені құшақтап шыға келеді. Мен сол жылулықты беруге тырысамын.

Ал қызметінде Анар қатал. Салқынқандылық пен кәсібилік – міне, криминалистке тән қасиет осы. Себебі ең бірінші болып жағдайды саралайтын да, қай заттың қайда жатқанын суретке түсіріп, айғақтар мен саусақ іздерін табатын да маман ол.

Анар Шәріпова, Есіл ауданы ПБ жедел криминалистикалық бөлімінің аға криминалисі:

- Әртүрлі жағдайлар болады.Ұрлық, тонау, адам өлтіру, зорлау деген сияқты әртүрлі фактілерге шығамыз. Ол жерде әртүрлі керекті айғақтық заттарды жинауға тырысамыз.

Қауіп-қатерге толы мамандық болса да, әділдіктің ақ туын көтеруге ұмтылған арулар үшін бұл қиындықтар болмашы дүние ғана. Жүгі ауыр қызметтің абыройын арттырып жүрген жандар қашан да көп болғаны жақсы.

Дана Әлиева, Дархан Кунтуов, Мұхамедәли Тілдабаев