Ресей-Украина шекарасында күріш тиелген бірнеше отандық вагон тоқтап тұр
Ресей-Украина шекарасында күріш тиелген бірнеше вагон тоқтап қалған. Оның үстіне, қосалқы бөлшектер мен тыңайтқыш еселеп қымбаттап жатыр.
Ел нарығын Ресей күріші жаулап алуы мүмкін. «Бұл түйіткілдердің түйінін дер кезінде тарқатпаса, агрокомпаниялар шығынға шаш етектен батып, банкротқа ұшырауы ықтимал», - дейді мамандар.
Өңірдегі ірі агрокомпанияның Киевке бағыт алған үш вагон күріші Ресей аумағында тоқтап қалған. Оны кері қайтару үлкен шығын болмақ. Сондықтан тауар иесі арзан бағада болса да, Әзербайжан нарығына өткізудің жолын тапқан. Алайда бұл келісімнің де аяқсыз қалатын түрі бар. «Өйткені күріш тиелген вагондардың қозғалатын түрі жоқ», - дейді компания өкілі.
Айгүл Қосмұратова, агрокомпания директорының орынбасары:
- Валюта бағамы күн сайын құбылып тұр, уақыт сырғып өтіп жатыр. Әзербайжанға біздің тауар жеткенше, келіскен бағамыздың құны болмай қалуы мүмкін. Біз бұдан бөлек тағы жеті вагон күрішті Украинаға жеткізуіміз керек еді. Алайда олар сатып алудан бас тартты.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Күрішін экспорттай алмай шығындалған шаруаларға шетелдік тыңайтқыштың да өткен маусыммен салыстырғанда үш есе қымбатауы ауыр соққы болып тұр. Аймақта биыл суармалы су тапшылығы тағы сезіле басатады. Осындай факторлар күріштің өзіндік құнын көтеруге себеп болары сөзсіз. Қымбат егіп, арзанға сатудың соңы не болары, айтпасақ та түсінікті.
Жығылғанға жұдырық болып, Ресей үшін күріш өткізетін Еуропа нарығы жабылуы да ықтимал. Бұл жағдайда көршіміз Орта Азия нарығын жаулауға тырысуы мүмкін. Қызылордалық шаруалар осы бәсекеге төтеп бере алмаймыз-ау қауіптенеді.
Жасұлан Серіков, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
- Арзан бағамен әдейі келіп нарықты бұзады да, сосын жергілікті компаниялар банкротқа ұшырағаннан кейін, қайтадан бағаны қамбаттатып жіберген жағдайлар болған әлемде. Дәл сондай жағдай Қазақстанда болмаса екен деп уайымдап отырмыз. Қазір жедел штаб Үкіметте құрылды, осының бәрін алдын алып, жақсырақ жұмыс істесе, аз шығынмен кризистен шығуға болады деп есептейміз.
Бүгінге дейін облыстық кәсіпкерлер палатасына күріш өндіруші үш компания шығынға батып отқаны туралы хабар түскен. Ресей-Украина шекарасында Қызылорданың астығы тиелген 15 вагон тұрып қалған екен. Оның бір бөлігі кері қайтарылған. «Қалғандарына қатысты мәселе шешіліп жатыр», - деді палата өкілі.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов