Семейдің жаңа Абай облысының орталығы болуы жергілікті халықтың мерейін өсірді
Ал атқарушы билік өкілдері қаланы дамыту жоспарын қазірден бастап құруға кірісіп кетті. Тұрғындар да талай жылдан бері қордаланып қалған мәселелер енді өз шешімін табады деген сенімде.
Бұл шешімді семейліктер көп күтті. Қала осыдан 27 жыл бұрын облыс орталығы мәртебесінен айырылып қалған еді. Бүгінде Семейде 350 мың адам тұрады. Кешелі бері жұршылық қуанышында шек жоқ. «Президент халық үніне құлақ асып, ел қалауын орындады», – дейді олар.
Қоғамдық көліктердің дұрыс қатынамауы, қоқысқа толған жәшіктер, жылдар бойы жөнделмеген көпірлер, шұрық тесік жолдар халықты әбден шаршатқан. Енді олар көп күттірмей шешімін таппақ.
Зейнолла Тоқаев, профессор:
- Тарихи күн деп айтсақ, ешқандай артықшылығы жоқ. Өйткені Абай атамыздың арқасында бүкіл Қазақстан әлемге әйгілі болған. Енді біз соның бір куәсі болып отырмыз. Ал енді облысты көтеру – өте ғанибетті дүние. Мынау халықтың мүддесін ойлағаны.
Отантай Кәрібжанов, республикалық «Абай Құнанбаев» ҚҚ президенті:
- Негізі бұл құрылайын деп тұрған Абай облысы – географиялық жағынан республикамызда ең бір жайлы жерде тұрған қала. Өйткені мұның су жолы мың шақырымнан артық, әуе жолы, темір жол жолдарының барлығы бұл тоғыз жолдың торабында орналасқан Семей қаласы үшін үлкен бір абырой, үлкен бір қуаныш деп есептеймін.
Енді өз алдына Абай облысы құрылып, жеке бюджет бекітіледі. Жергілікті басқару органдары қайта құрылады. Өңір экономикасы өркендеп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсармақ.
Айдар Садырбаев, қала әкімінің орынбасары:
- Қаламызға «облыс орталығы» мәртебесінің берілуі өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуымен, қаламыздың ажарына ажар қосуымен, сәулетінің өркендеуімен еселі деп ойлаймыз. Бұл әрине, ең алдымен халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына бағытталған тағдыр шешті шешім деп қабылдаймыз.
Жергілікті халық Семейдің енді дамыған қалалардың қатарына қосыларына нық сеніммен қарайды. Өйткені бюджеттен бөлінетін қыруар қаражат ел игілігіне жұмсалады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов