Петропавлда жаңадан салынған үйлердің жер төлесі кәріз қалдықтарына толы
Сорғы станциясы бірде істеп, бірде істемейді. Құбырлар айына бірнеше рет бітеліп, лай су сыртқа төгіледі.
Асқар Мәжкеев бұл жағдай биыл да қайталана ма деп қорқады. Былтыр осы кезде жаңадан салынған үйдің жертөлесін су басып, тұрғындар шелекпен зыр жүгірген. Қазір сорғы тұр. Бірақ ол да сыр беруі мүмкін.
Асқар Мәжкеев, қала тұрғыны:
- Мұнда үнемі су тұрады. Иісі бар. Тіпті тарақандар жүреді.
Ылғалдан қабырғалар дымқыл тартып, құбырларды тот басқан. Тұрғындардың айтуынша, мәселе жаңа кәріз станциясында. Нысан жиі сынып, бітеліп қалатын көрінеді. Сондықтан қалдықтар жертөлеге жайылады.
Юрий Командриков, мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Тұрғындар коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Бітеліп қалған құдықтарды айына 2-3 рет адам жалдап сорғызамыз. Тағы бір білгеніміз, кәріз сорғы станциясына қуаттылығы төмен құрылғылар қойылған.
Бір қызығы, 2019 жылы салына бастаған кәріз станциясы әлі күнге дейін тапсырылмаған. «Оған қаржының кеш бөлінуі мен құрылыс алаңының уақытында дайын болмауы себеп», - дейді шенеуніктер. Сондықтан нысан коммуналдық мекеме меншігіне берілмей тұр. Қысқасы, істеп тұрса да, қараусыз.
Болат Қонғыжынов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Келісімшарт бойынша инженерлік желілер мен абаттандыруға бір компания белгіленді. Қазір кәріз станциясы дайын. Аула дайын емес. Ол бітпей жұмыс қабылданбайды. Мердігер ұйым өкілдері: «Мамыр айының аяғына дейін аяқтаймыз», - деп отыр. Кемшіліктер болса, өздері түзетеді.
Жас өркен ауданындағы тағы бір мәселе – жарық. Көпқабатты үйлер уақытша қуат көзіне қосылған. Тағы да сол сылтау: жаңадан салынған электр станциясы жұмыс істемей тұр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев