Шаруалар шағымы: мал суаратын жалғыз көл жекенің иелігінде
Ауылдың айналасы егістік жер. Мал аттап басса болды, иесіне айыппұл салынады.
Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы Бөрлі ауылының тұрғындары бізге осылай деп шағымданды.
Ауыл жұртын мазалайтын басты мәселе – жайылым тапшылығы. Бұрын 20-30 мың бас еркін жайылған аумақта қазір қой-ешкісін қоса есептегенде мыңға әрең жететін түлікке шөпті жер таппай отыр.
Талғат Хакімов, Бөрлі ауылының тұрғыны:
- Мына жердің бәрі мал жайылатын жер болған. Қазір бәрін жекешелендіріп тастады. Қораның қоқыс тастайтын жер бар. Одан 1-2 шақырым жерде егін. Жазда бұзауларымызды шығара алмаймыз. Бұзауларымыз қысы жазы қорада тұрады.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бөрлі ауылының айналасы – шамамен екі шақырым аумақ жағалай егістік. Ол жерлерге мал өтпесін деп сым тартылып қоршалған. Бұрыннан мал суаты болған көл де осы қоршаудың ішінде қалған. Сондықтан бұл жерлерде жайылым ғана емес, су да тапшы.
Мұндағылардың айтуынша, жаз бойы малды үйлерінде суаруға мәжбүр. Ал Бөрліде орталықтандырылған судың текше метрі 500 тенге тұрады. Қаншаға шығатынын есептей беріңіз. Ауыл әкімінің қолынан келер бар амалы – шаруашылық иелерімен келісімге келу. Өйткені бұрын беріліп қойылған жерлерді қайтарып алуға заңдық негіз жоқ.
Алмат Сағынбек, Бөрлі ауылдық округінің әкімі:
- Бір басқа 5 гектардан санасақ, бізге 829 га жайылым жер жетіспейді. Қазір келісімшартқа отырдық. «Бөрлі агро» ТОО 700 гектар жайлымдық жерін біздің ауылдық округке беріп отыр. 9 шақырым жерде көліміз бар. Сол көлге жол ашылады.
Жайылым тапшылығы бір Бөрліге тән емес. Жалпы Қарабалық ауданы бойынша 20 мың гектарға жуық жайылым жетіспейді.
Руслан Жақыпов, Қарабалық аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Қазіргі кезде 15 жер телімін анықтап қойдық. Оның жалпы аумағы 4682 гектар. Одан бөлек мал жайып, шөп дайындауға орман шаруашылығы қорына қарасты жерлерді билетпен алуға болады.
Ал облыс бойынша 1 миллион 294 мың гектар жайылымдық жер бар екен. Бұл мал басына шаққандағы қажет көлемнің жартысы ғана.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг