Аралға су тола бастады
Енді Ақлақ су тоспасы арқылы реттелетін тоғыз көл жүйесін суландыру көзделген. Ол үшін тиісті шаралар қолға алынды. Бүгінде Сырдария өзеніне де мол су түсе бастаған.
«САРАТС-1» жобасы іске асқаннан кейін теңіз деңгейін 42 метрге дейін көтеруге мүмкіндік туды. Алайда өткен жылы Сырдария өзені арқылы Көк Аралға тиісті көлемдегі су түскен жоқ. Соған байланысты қазір теңіз деңгейі 80 см төмен. Дегенмен өзен бастауындағы қар мен мұз күрт еріп, жауан-шашынның көбеюіне байланысты соңғы күндері Қызылорда облысы аумағына мол су келе бастаған.
Сейілбек Нұрымбетов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:
- 15 сәуірге дейін осы су облыс көлемінен ағып өтіп, солтүстік Арал теңізіне барады деп отырмыз. Оның өзі осындай жауын-шашынның, өзендегі судың есебінен болып отыр. Егін басталғанға дейін солтүстік Арал теңізіне белгілі бір мөлшерде су көлемі беріледі.
Өткен жылы Арал ауданындағы Бұрмақұлақ бөгетін бекіткеннен кейін, Қамбаш және Ақшатау көлдер жүйесі бұрынғы қалпына келді. Бірер күн бұрын Ақалақ су тоспасы да жабылды. Осылайша, Қаратерең елді мекені маңындағы көлдерді суландыру жоспарланған.
Айдос Асанбаев, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының бөлім басшысы:
- Бүгінгі күнге судың деңгейі 51,45-ке жетіп отыр. Біздің жоспар сол деңгейді 53-ке жеткізу. Қазір су торабының алдына су жинақталып жатыр. Бізде сегіз канал бар, солар арқылы ірілі-ұсақты тоғыз көлге су беріледі.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Бұрмақұлақты бөгеп, Аспай су ағытқысын іске қосқаннан кейін Қамбаш және Ақашатау көлдер жүйесіне 750 млн текше метрдей су құйылған. Ал қазіргі уақытта Қызылорда облысы аумағынан 900 текше метрдей су өте бастаған. «Егін науқаны басталғанға дейін өңірдегі су арналарын толтырып, шабындықтарды нәрлендіруге бұлда болса, үлкен септігін тигізеді», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхаммед Байділдаев