Қағаз бағасы 2 есе қымбаттады
Кеңсе жұмысшыларының айтуынша, қазір кеңсе тауарлары дүкендерінде қағазды шектеулі мөлшерде сатып жатыр. Оның бағасы шамамен 2 есе өскен екен. Тіпті елде қағаз дефициті де байқалып отыр.
Бұл – Григорий Колоның елордадағы полиграфиялық орталығы. Күніне бұнда 100-ге жуық адам қағаз басып шығаруға келеді. Сәйкесінше бума-бума қағаз қажет. Соңғы уақытта нарықта бұл тауардың да құны шарықтап, дефицит байқала бастапты.
Григорий Коло, полиграфиялық орталықтың құрылтайшысы:
- Тауар жеткізушілер бізге алдын ала ескертіп, дефицит болатынын айтқан: «Бір вагон қағаз бар. Келесі партия қашан келетіні белгісіз. Сондықтан қазір алып алыңдар», - деген. Сондықтан артығымен сатып алып, өз қорымызды жинақтап қойдық.
Григорийдің айтуынша, бұрын қағаздың 500 бумасын сатып алуға болатын. Ал қазір тек аптасына бір рет 20 бума ғана саудаланады. Бұл үлкен полиграфия орталықтары үшін жеткіліксіз.
Григорий Коло, полиграфиялық орталықтың құрылтайшысы:
- Бізге келетін қағаздың барлығы ресейлік. Көрші елде оның өндірісі тоқтаған жоқ. Мәселе ағартқышта болып тұр. Қағаздың бастапқы түсі сұр болады. Оны ағарту үшін тиісті химикаттар пайдаланылады. Ал ол Германия мен Финляндиядан әкелінеді. Енді батыстың Ресейге салған санкциялары салдарынан ағартқыштар діттеген жеріне жетпей отыр. Салдарынан қағаз тапшылығы сезілуде.
Сұраныс жоғары болса, тауар бағасы өседі. Бұл – экономика заңдылығы. Енді қазір кеңсе тауарлары дүкендерінде қағаздың бағасы сан алуан құбылып тұр. Әдетте 1,5 мың теңге төңірегінде тұратын 1 бумасы қазір 3 мың теңгеден кем емес. Сапасына қарай бағасы да жоғарылай береді.
Бұл – үлкен көлемдегі кеңсе қағаздарын кесетін Шымкенттегі зауыт. Кәсіпорынның жылына А-4 формат қағаздың 3 млн, А-3 парақтың 300 мың бумасын шығаратын қауқары бар екен. Бірақ қазір өндіріс ошағы шикізаттың жоқтығынан тұралап тұр.
Қанат Әлімбаев, кәсіпорын директорының орынбасары:
- Біздің шикізат Ресей мен Финляндиядан келеді. Бірақ біз көбіне Финляндиядан алдырып, осы жерде өңдеп, Қазақстан ішінде сататынбыз. Өндірушілер әр кәсіпорын 1 вагон сата алады деп шектеу қойып қойған. Бір вагон дегеніміз 24-25 мың дана қағаз ғана. Ол 1% де қамтамасыз етпейді. Біздің қуаттылығымыз айына 10 вагонға дейін өндіруге жетеді.
Елімізде орман көп болмағандықтан, біз қағазды өзге елдерден сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Негізгі импорттаушы мемлекет – Ресей Федерациясы. «Солтүстіктегі көршілеріміздің батыс елдерімен қарым-қатынасы күрт нашарлағандықтан, саяси салқындықтың лебі қағаз өндірісіне де кесапатын тигізіп отыр. Бірақ тауар тапшылығын қалып келтіре алатындай мүмкіндіктер бар», - дейді Үкімет мүшелері.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Менің ойымша, Қазақстанда тауар тапшылығы қатты байқалмайды. Өйткені бізге Ресейден бөлек Қытай мен Түркия елдерінен де қағаз әкелінеді. Сондықтан альтернативті маршруттар бар. Ал бағаға келер болсам, қағаз құны негізсіз көтерілді ме әлде жоқ па, оны тексеретін тиісті мекемелер бар. Бірақ қағаз бағасының неге құбылып тұрғанын білмеймін. Егер кеңсе тауарларын сататын дүкендер бір-бірімен келісіп, бағаны өсірсе, онда тиісті мекемелер нақты шаралар қолданады.
Жалпы мамандардың айтуынша, қазір Ресей қағазды ағарту ісін өз зауыттарында жандандырып жатыр. Сондықтан еліміздің қағаз нарығындағы жағдай 1-2 ай төңірегінде тұрақталады деп топшылауда.
Авторлары: Риат Шони, Нұрсұлтан Аббас, Болотбек Табалдиев