Геосаяси жағдай диқандарға кесірін тигізіп отыр
Сонымен қатар шетелден әкелінетін қосалқы бөлшектерді жеткізу де қиынға соғып отыр.
Арқалық қаласындағы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Көлетов: «Мұндай қалың қарды өңірде көптен көрген жоқпыз», - дейді. Былтыр жаздағыдай алпыс күн аптап ыстық болмаса, өнімділік кемі ортадан жоғары шығады деп отыр.
Руслан Көлетов, Арқалық қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жобалаған кезімізде біз енді былтырғы жылы 4 центнерден алатын болсақ, биылғы жылы 8-12 центнерден аламыз ба деген жоспарымыз бар. Бұл енді көктемгі негізгі жұмыстарымызға ылғал жеткілікті. Енді содан кейінгі жаңбыр болатын болса, ол енді нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын.
Арқалық аумағындағы егістік жер көлемі – 325 мың гектар. Негізінен бидай, әрине, бірақ биыл олар құрғақшылыққа төзімді майлы дақылдар көлемін 3 есе ұлғайтпақ. Техника 95% әзір, тұқым жеткілікті, жанар-жағармай бөлінген. Восточный ауылындағы ірі серіктестіктің техника паркі тек шетелдік дән сепкіш кешендерінен тұрады екен. Бәрі сайлы, дайын тұр десек те, әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты германиялық техниканың қосалқы бөлшектерін жеткізуде логистикалық қиындықтар туындаған.
Ермек Қазбеков, инженер:
- Мәскеу арқылы таситынбыз. Қазір ол жағы қиындап кетті. Қазір Түркия арқылы жеткізіледі деуде. Сондықтан уақыты да ұзарады. Жеткізу бағасы да 10-15% өсті.
Шаруалар мемлекет қолдауынан кенде емес. Биыл көктемгі егісті қаржыландыруға облыс бойынша 26 млдр теңге жеңілдетілген несие бөлінген. Бірақ оның да түйткілді тұстары бар екен.
Иван Попович, шаруа:
- «Қолдау» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеу қиындық тудырды. Электронды платформаға кіріп, толтыра бастайсың, қол қоюға келген кезде, шығарып тастайды. Немесе ақша жоқ деген жауап келеді. Сондай жағдай бірнеше рет қайталанды.
Тағы бір мәселе – өзімізде шығарылатын элиталық тұқым бағасының күрт көтеріліп кеткені. Сондықтан кейбірі көрші елден алдыртуға мәжбүр.
Мереке Смағұлов, шаруа:
- Мысалы, Ресей бізге тұқымды 150 мың теңгеден берсе, бізде 180 мың теңгеден кемі емес. Элиталық бидай тұқымы 200 мың теңгеге шығып кетті. Санкциялардан кейін доллар көтерілгесін, баға да өсті.
Биыл Ресей жағы астық экспортына тыйым салғандықтан, қостанайлық шаруалар көрші елден 8 мың тоннаға жуық тұқымды жеткізе алмай отыр. Бірқатары оның ақшасын да төлеп қойған. Мамандар бұл мәселе жақын арада оң шешімін табады деген сенімде.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг