Алматылық автопарк қашан жаңартылады?
Қалалық мобильділік басқармасы ақпан айының басында: «Жақын арада автобус паркі, жаңарады», - деп айтқан болатын. Алайда өзгерген қоғамдық көлік жоқ. Есесіне тасымалдаушы компания: «қоғамдық көліктердің жаңармауына жолаушылар да кінәлі», - дейді.
Абай даңғылы – қаладағы күре жолдардың бірі. Оның бойымен 10-нан аса қоғамдық көлік бағыты қатынаса да, ертелі кеш аялдамадан адам үзілмейді. «Әсіресе 128-ші автобус пен 25-ші троллейбусқа міну мүмкін емес», - дейді жолаушылар.
Сейфуллин даңғылындағы жағдай да дәл осындай. Кешкі сағат 18:20-да өткен 30-шы бағыттағы автобустың келесісі араға 40 минут салып келді. Ал бағыттың сызбасында жүріс аралығы 10 минут деп көрсетілген. Жолаушылар кейде одан да ұзақ күтетіндерін айтады. «Автобустардың кешігуіне кептелістің де әсері бар», - дейді мамандар. Бірақ қоғамдық көліктің жетпейтіні жасырын емес.
Жанна Нұрсейітова, тасымалдаушы компанияның баспасөз қызметінің өкілі:
- Қала бойынша қоғамдық көлік жетіспеушілігі бар. Қаланың сыртынан адамдар Алматыға жұмыс істеуге келеді. Сондықтан соңғы уақытта қалада халық саны едәуір өсті. Сәйкесінше қоғамдық көлік жолаушылары да артты. Сондықтан автобустарға адамдар сыймай қалып жатады.
Таяқтың екінші ұшы да бар. Тасымалдаушы компания өкілі қоғамдық көлікте жолаушылардың жолақы төлемейтінін алға тартты. «Нақты төлемдерді есепке алсақ, біздің автобустарда жолаушылар легінің қалыпты екенін көрсетеді», - дейді ол. Демек, бұл қосымша автобусқа қажеттілік жоқ дегенді білдіреді.
Жанна Нұрсейітова, тасымалдаушы компанияның баспасөз қызметінің өкілі:
- Бағыттардағы автобустардың саны бірнеше фактор бойынша қарастырылады. Соның бірі – ONAY арқылы төлемдер. Біз тексеріс жүргіздік, қалалық қоғамдық көлікте жолаушылардың 30% жолақысын төлемейді. Ал қала маңындағы автобустарда тіпті 70% жолаушы жолақысын төлемеуді әдетке айналдырған. Демек, бұлар – есепте жоқ жолаушылар. Ал бұл – үлкен проблема.
Алматыда жолаушылар тасымалымен айналысатын 21 компания бар. Соңғы рет қалаға жаңа автобустар 2019 жылы алыныпты. Қалалық мобильділік басқармасы ақпан айының басында «автопарктердің жаңаратынын» айтқан болатын. Алайда әзірге ол сөз жүзінде қалып отыр. Сондықтан тұрғындардың «аузы мұрнынан шыққан» қоғамдық көлікке отырудан басқа амалы жоқ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Эдуард Кон