Қарағандыда үш бірдей тұрғын үй сүрілуі мүмкін
Қалың су лап бергенде, ондағы тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшірілген. Жалпы Қарағанды қаласының өзге де аудандарында, күннің күрт жылуы салдарынан аулаларды су басу көбейген.
Төлеутай Нығметжанова бұл үйдегі екі бөлмелі пәтерді осыдан екі ай бұрын ғана 18 млн теңгеге ипотекаға рәсімдеп алған. Алайда қуанышы көпке бармай «далада қаңырап қалдым» деп көңілі босап тұр. Бұл үйлерде тұратын 60-қа жуық отбасының барлығының мұңы осы. Небәрі 2017 жылы пайдаға берілген баспананың ендігі жайы қалай болатыны да белгісіз.
Назгүл Досжанова, су басқан үйдің тұрғыны:
- Екі балам бар. Үшіншісіне аяғым ауыр. Қазір енді далада тұрмын. К-700-дің өзі батып кетті, мына жерге үй салуға болмайды деген сөз ғой. Далада қалдық, кәдімгідей далада қалдық.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Бұқпаның бойына салынған мына үш бірдей үйдің арасында құтқарушылар мен құзырлы мамандарды алаңдатып отырған мына бір үй. 11 пәтерлі үйдің бір бұрышы ағын судың арасында қалып қойған. «Құтқарушылар құм төсеп, қауіпсіздік шарасын сақтап жатқанымен, жыл сайын мұндай топан су қайталанатын болса, бұл үй көпке шыдас бермейді», - дейді мамандар.
Кеше кешкісін үй тұрғындарының біразы қонақүйлерге жайғастырылып, қалғаны туыстарын жағалап кеткен. Ал үйде электр тоғы қиылып, құтқарушылар ағын сумен арпалысып жатыр. Қала әкімі алдағы уақытта үйлердің сүрілуі мүмкін екенін айтты.
Ермағамбет Бөлекбаев, Қарағанды қаласының әкімі:
- Үш үй де өзеннің арнасында тұр. Үшеуіне де қауіп бар. Енді құқықтық орган тарапынан заңдылығы тексеріледі. Содан кейін барып шешім қабылдаймыз.
Қазір қарғын судың қарқыны әлі де қатты. Осы күндері қаланың өзге де аудандарында жағдай мәз емес. Тіпті көлкіген судан үйлерінен шыға алмай қалған жұртты трактордың қалағымен тасуға мәжбүр болған кездер бар. Тағы үш мектептің оқушылары білім ордасына барар жол болмағандықтан, уақытша қашықтан оқуға көшкен. Бірқатар жолды да су шайып кеткен. Ендігі кезекте Соқыр, Нұра, Есен, Жарлы, Сабыр қожа, Жаманкөл секілді өзендер арнасынан асуға шақ тұр. Ондағы сеңді қозғау үшін 15-ке жуық жарылыс жұмыстары жүргізілген.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев