Қарағандыдағы «Антикор орталығында» ашық есік күні өтті
Екі жылдық үзілістен соң мұнда тұрғындарды қабылдау тәртібі қайтадан оффлайн режиміне көшірілді. Олар пандемияға байланысты біраз уақыт қашықтан жұмыс істеп келген еді. Енді кәсіби мамандар кез келген құқықтық көмекті көрсетуге дайын.
Қазір кейбір тұрғындар жеке басының мәселесін жеделдетіп шешу үшін заңды аттап, жауапты тұлғаларға пара ұсынып жататыны жасырын емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінде олардың қалай анықталып, ұсталатыны көрсетілді. Осындай ойланбай жасалған қадам опық жегізіп, сотталып жатқандар қаншама.
«Антикор орталығында» өткен ашық есік күніне қатысушыларға сыбайлас жемқорлық қылмысының алдын алу үшін қандай қадамдар жасалу қажеттігі түсіндірілді. Қазір қызмет көрсету орталығында тұрғындар мен заңды тұлғаларды еш кедергісіз қабылдап, құқықтық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
Денис Шәкенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің басшысы:
- Ғимараттың бірінші қабатында арнайы жабдықталған қабылдау бөлмелері бар. Кәсіби мамандарымыз кез келген құқықтық көмекті көрсетуге дайын. Құпиялылықтың сақталатынына кепілдік береміз.
Шара барысында қоғам белсенділері мен академия студенттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағыттарымен және мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу тәртібімен танысты.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев