Мүгедек болып қалған қарағандылық қария кінәсіз екенін дәлелдей алмай келеді
Қарағанды қаласының тұрғыны Иван Тирик 20 жыл бойы әділдік іздеп бармаған жері, баспаған тауы жоқ екен. 2001 жылы шахтада ауыр жараланып, мүгедек болып қалған ақсақал өзінің кінәсіз екенін әлі күнге дәлелдей алмай келеді. Тіпті мемлекеттік комиссия зейнеткердің сөзін құжат жүзінде растағанымен, еш нәтиже болмай тұр.
Иван Тирик Саран шахтасында директордың орынбасары болып еңбек еткен. Күндердің күнінде кеніштегі қондырғының бірі істен шығып, жұмыскерлер жедел жөндеуге кіріседі. Сол сәтте шахтада болған ол ойланбастан көмекке келген. Абайсызда темір тайып кетіп, бас сүйек-ми жарақатын алады. Осыдан соң Иван Тирик шахтаға қайтып оралмаған.
Иван Тирик, зейнеткер:
- Сол сәтте менің ешқандай кінәмнің болмағанын 21 жыл бойы дәлелдеумен келемін. Бірақ сот үнемі жұмыс беруші тарапты, яғни «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын қолдаумен келеді. Менің деректерімді құлағына қыстырып жатқан ешкім жоқ. Олардың пайымынша, мен еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзған екенмін.
Ол аздай, дәрігерлер медициналық қорытындыда зейнеткердің алған жарақатын жеңіл деп жазып жіберген. Бұл шешіммен келіспеген Иван Тирик шағым түсіріп, сот медициналық сараптама нәтижесі жарақатты ауыр деп өзгертеді.
Иван Тирик, зейнеткер:
- Сол кезде шахта директоры төтенше жағдайды жасыру үшін дәрігермен сөз байласқаны анық. Олар жалған акт жасап, соның негізінде медициналық анықтама берген. Мен ол құжаттың күшін жоюды сұрап сан мәрте сотқа шағымдандым. Бірақ сот бас тартып келеді.
Осылайша, соттан еш нәтиже шықпаған соң, әбден тауы шағылған қария еңбек инспекциясына шағым түсірген. Олар мемлекеттік комиссия құрып, білікті сарапшылардың қатысуымен қайтадан зертеу жұмыстарын жүргізеді.
Сақыпжамал Сафарова, Қарағанды облыстық еңбек инспекциясының бөлім басшысы:
- Комиссия шешіміне сәйкес жұмыс беруішінің кінәсі 100% дәлелденді. Алайда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ біздің шешімімізбен келіспей, сотқа шағымданды. Соттың шешіміне сәйкес біздің актіміздің күші жойылды.
Осыдан соң еңбек инспекциясы бұл үкіммен келіспейтіндерін білдіріп, Қарағанды облыстық сотына аппеляциялық шағым түсірген. Бірақ өкініштісі сол, соттың әуелгі шешімі күшінде қалады. Қария тағы шарасыз күйде. Дегенмен қазір барлық құжат пен айғақ полицияға жолданған, қылмыстық іс қозғалды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев