Қарағанды облысының әкімі Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесті
Бұл бастама облыс әкімінің этно-мәдени бірлестік өкілдерімен кездесуінде айтылды. «Жаңа Қазақстан – мызғымас бірлік мекені» деп аталған диалог алаңында елдің бірлігін сақтауға қатысты өзге де өзекті ойлар ортаға салынды.
Қарағандыда Қазақстан Халқы Ассамблеясы аясында құрылып отырған жаңа диалог алаңы расымен өзекті жобалардың бастауы болмақ. Жиында түрлі сала, өндіріс ошақтары, білім ордаларының оқытушылары бас қосып, татулық пен бірлікті сақтау жолындағы ойларымен бөлісті. Мысалы, академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жақында «Бір атаның балалары» деп аталған турнир өткізген. Оқытушылар осы жобаны республикалық деңгейде ұйымдастыруды ұсынып отыр.
Марат Бөдеев, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің кафедра меңгерушісі:
- Қаланың іргелі университеттері, үлкен отбасылар келіп қатысты. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Қарағанды қалаларынан да келді. Барлығы өте эмоциялық, жақсы деңгейде өтті деп ойлаймын.
ҚХА бүгінде ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты сақтап, оны одан әрмен күшейту жолындағы бірыңғай институтқа айналғаны рас. Этно-мәдени бірлестік өкілдері енді Жаңа Қазақстанды құру жолында да еңбек етуі тиіс. Еркін форматты жиында жұмысшылар иммиджін көтеру, патриоттық тәрбие мәселесі де көтерілді.
Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:
- 16 наурызда Жаңа Қазақстанның мемлекеттік құрылысы басталды деп айтуға болады. Осы залда отырғандар – сол өзгерістердің белсенді қатысушылары. Бұл – ел Президентінің алға қойып отырған міндеттерін шешу бойынша өз пікірлеріміз бен ұсыныстарымызды бөлісетін тағы бір диалог алаңы деп санаймын.
Бұл кездесудің 28 сәуір күні Нұр-Сұлтанда болатын ҚХА сессиясы қарсаңында өткені бекер емес. Өңір басшысы: «ХХХ сессияға баратын делегаттарға айтылған идеялар мен ұсыныстарды қаз-қалпында жеткізіп, республикалық деңгейге көтеру керек», – деді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков