Тараздағы қоқыс полигоны жайылымды ластап жатыр
Төңіректегі ауылдардың жайылымы тарылып, қоқысқа толып кеткен. Өріске шыққан мал соның үстіне жайылады. Тұрғындар қалдықпен қоректенетін төрт түліктің арам қатып жатқанын айтып, оның еті мен сүтін тұтыну да түрлі ауруға әкелуі мүмкін деп дабыл қағып отыр. Ал өңдеу зауытының әлі салынатын түрі жоқ.
Тараздан шыққан бүкіл күл-қоқыс осы полигонға жиналады. Бұл жерге жыл сайын 50 мың тоннаға дейін қоқыс тасталады. Қазіргі есеп бойынша бұл аумақта 3 млн тоннадай қалдық жатыр. Ал оны өңдеп кәдеге жарататын аймақ бойынша бірде-бір зауыт жоқ. Өртелгені өртеледі. Одан қалғаны желмен ұшып радиусы ондаған шақырым жерді ластап жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бұл жер – мал өріске шығатын кәдімгі жайылым. Жайылым деген аты ғана. Міне, қараңыздар. Мынаған мал қайтіп жайылады? Қоқыс алаңынан ұшқан полиэтилен қаптамалар, пакеттер шөптің бетін жауып қалған. Жергілікті тұрғындардың малын жаятын жер жоқ.
Қарап отырып жаның ашиды. Ағаштар тура пакетпен безендеріліген жаңажылдық шырша сияқты желбіреп тұр. Маңайдағы егіс алқаптары ластанғаны соншалық, аяқ алып жүру мүмкін емес. Желмен көтеріліп шашылған полиэтилен қалталарда сан жоқ. Ауыл халқы мұның төрт-түлікке залалы тиіп жатқанын айтып шағымданып отыр.
Жеңіс Бекбауов, Қостөбе ауылының тұрғыны:
- Қалалық қоқыс төгетін полигон жақын. Шамалы жел тұрса, осы жерге целлофан пакеттер ұшып келеді. Келген пакетті мал болған соң жеп қояды. Сосын малымыз өліп, шығынға батамыз. Ішінен пакет, басқа да нәрселер шығады.
Ырзакүл Базарбекова, Қостөбе ауылының тұрғыны:
- Жайылымды да құртты. Қазір жайылым жоқ. Пакеттер бақшада шашылып жатыр. Оны бұзаулар, сиырлар жейді екен. Олар жеп өліп жатыр.
Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қоқыс өңдейтін зауыт қажет. Бұған жергілікті билік қанша әрекет еткенімен, еш нәтиже шығара алмай отыр. Бәрін инвесторларға сырып қойған. Енді қазір немістер келіп, сынама алып, құрамын зерттеп жатқан көрінеді.
Жайықбай Шалдаров, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Екі маман осы полигонда жүр. Морфологиялық қатты қалдықтардың құрамын зерттеп жатыр. Содан кейін барып шешім шығарады. Қызыққан компаниялар келіп полигонды көреді.
Дәл осылай бұған дейін де талай инвестор келген. Бірақ келгенінен кеткендері жылдам. Әбден есептеп, зерттеп болған соң шығатын қоқыстың мөлшері жеткіліксіз деп тастап кетеді. Осылай жалғасып келе жатқанына бірнеше жыл болды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә