1943 жылы майдан даласында із-түзсіз кеткен жауынгердің жерленген жері табылды
Соғысқа 1941 жылы Сыр бойынан аттанған Әділбек Күзембаев Украинадағы бауырластар зиратына жерленіпті.
Айшагүл Күзембаеваның әкесі Әділбек Күзембаев 1941 жылдың тамызында Қызылорда қаласынан соғысқа аттанған. Ал 1943 жылдан бастап із-түзсіз жоғалған жауынгерлер қатарына қосылған.
Әкесі майданға кеткенде Айшагүл небәрі бір жаста ғана болыпты. Ол кейінгі жылдары қан майданда хабарсыз кеткен әкесі туралы қандайда бір мәлімет алу үшін Қызылорданың әскери комиссиариаттарына бірнеше мәрте сұрау салған. Бірақ нәтиже болмапты. Алайда Айшагүл апай аялы арманына өткен жылдың күзінде қол жеткізді. Украинаның Житомир облысынан жауынгер Әділбек Күзембаевтың жерленген жері табылды.
Айшагүл Күзембаева, майдангердің қызы:
- Ең бірінші, бәрін Ляпина деген ауылға жерлеген. Кейін бөлек алып, Йосиповка ауылына қайтадан жерлеген. Аяғынан жарақат алған, сол жарақаттан қайтыс болған деп жазған.
Айшагүл апайға әкесі туралы мәліметтерді табуға волонтер-журналист Әсел Асқарқызы көмектескен. Өткен жылдың қараша айында Украинаға бірге барып, Әділбек Күзембаев жерленген Бауырластар зиратынан бір уыс топыраған туған жерге әкеліпті. Киев қаласындағы тарихи мұражайдан табылған мына құжат қызылордалық боздақ туралы мәдіметтерді растай түседі. Бүгінде сексеннің екеуіне келген майдангердің қызы «Батырларға тағзым» атты сайтқа да әкесі туралы мәліметтерді енгізуді көздеп отыр екен. «Келешек жас ұрпақ үшін бұл бастаманың маңызы зор», - дейді кейуана.
Айшагүл Күзембаева, майдангердің қызы:
- Сайт ашылды дегенді естігенде өте қуандым. Рақмет айтамын. Өте дұрыс, халықтың көңілінде жүрген, жүрегінде жүрген дүние деп білемін.
Әкесінің жерленген жерін тауып, туған жерге бір уыс топырағын жеткізсем деген бала арманы араға 79 жыл салып орындалды. Жеңісті жақындатқан жауынгер ұрпағына облыс әкімдігі сый-құрмет көрсетіп, Жеңістің 77 жылдығымен құттықтады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов