Антына адал семейлік капитан сарбаздарға үлгі
Зымыранды-артиллериялық қару қызметінің бастығы ауыр арсеналмен қатар қазақ тілін де жетік меңгеріп алған. Қарулы күштер қатарына алынған 8 жылдың ішінде өткен оқу-жаттығу жиындарында өзін үздік сардар ретінде көрсете білген офицерді жас сарбаздар үлгі тұтады.
Александр Шориннің әр таңы тексерістен басталады. Жоғары басшылыққа жағдайды баяндағасын ол артиллериялық қарудың оқ-дәрілерін түгендеп шығады. Ату құралдарының техникалық жарамдылығын тексеру де осы капитанға жүктелген.
Александр Шорин, 36/803 әскери бөлімі зымыранды-артиллериялық қару-жарақ қызметінің бастығы:
- Шымкент, Түркістан қаласынан келетін жас сарбаздар орысша дұрыс түсінбейді. Ал бізге сабақты, әскери техниканы түсіндіру керек. Сол үшін Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері қазақша білуге міндеті.
Капитан Шорин мемлекеттік тілді жастайынан біледі. Қарулы күштер қатарына алынғалы қазақ тілін жетік меңгерген.
Меруерт Құрманқажина, 36/803 әскери бөлімінің құқықтық дайындық және мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі аға офицері:
- Ол – отбасымен, жеке өзі де көптеген байқауға қатысып, жүлде иеленген офицер. Сондықтан біз оны әрқашан үлгі тұтамыз. Ол кісі көпшіл, ұлтқа бөлмейді. Сарбаздармен болсын не әскери қызметшілермен болсын, тек қазақша сөйлесетін офицерлердің бірі.
Бала Александр әскери қызметтегі әкесіне еліктеп өсті. Сондықтан мектеп бітірісімен Ресейдегі инженерлік-артиллериялық институтқа түскен. Қазір алыс қашықтыққа ататын қарудың түр-түрін меңгеріп алған.
Дмитрий Разживин, 36/803 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары:
- Александр негізгі міндетін мүлтіксіз атқарады. Берілген тапсырманы уақытында әрі тиянақты орындайды. Әскери сайыстарда өзін физикалық тұрғыдағы дайындығымен де көпке үлгі бола білді.
Александр Шорин, 36/803 әскери бөлімі зымыранды-артиллериялық қару-жарақ қызметінің бастығы:
- Мен ҚР Қарулы күштері қатарында қызмет еткеніме мақтанамын. Біздің Қарулы күштер Отан қорғауға дайын. 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен әскери қызметшілерді құттықтаймын!
Курсант кезінен алғырлық танытқан капитан институт қабырғасында зымыранның қатты отыны мен оқ-дәрілердің химиялық технологиясын жіті зерттеген. Сол себепті де Александр Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасының жарылу зардаптарын жою шараларына арнайы шақыртылған болатын.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов