Алматылық ардагерлерді қала әкімі Ерболат Досаев жеке құттықтады
Оның 75-і Алматы қаласында тұрады екен. Жеңістің 77 жылдығына орай Алматыда да жаужүрек ата-апаларымызға лайықты құрмет көрсетілді. 1 млн көлеміндегі бірреттік төлемнен бөлек, ардагерлерді қала әкімі Ерболат Досаев жеке құттықтады.
Сұрапыл соғысқа аттанғанда Шангерей Жаныбеков небәрі 18 жаста еді. Майдан шебінде медициналық фельдшер қызметін атқарған ол Харьков, Белград, Венгрия мен Румынияны жаудан азат ету үшін талай шайқасқа қатысқан. Ғасыр куәсі ұрпақ үшін өнеге болар естеліктерімен бөлісті. Алматы әкімі Ерболат Досаев майдангердің ерлігін жастарға үлгі деп, қарияға ұзақ өмір тіледі.
Александр Журавлев гвардиялық артиллериялық бригадада барлаушы болыпты. Польша, Германия, Прага жерлерінде ерлікпен шайқасқан ол әр түрлі дәрежедегі ордендер мен медальдар алған. Ерболат Досаев қарт майдангерге ерлігі үшін алғыс айтты.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Сіздерді шын жүректен мерекемен құттықтаймын! Ерліктеріңізге бас иемін. Бейбіт аспан үшін рақмет! Сіздердің жанқиярлық ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды.
Қала басшысы ардагер Қайырлы Жонақабевты да құттықтады. Ол – бүгінде еліміздегі көзі тірі жалғыз панфиловшы. Ізгі ниетпен өскелең ұрпаққа бейбіт заман тілеген қария сұрапыл соғыстың қиындықтарын күрсіне еске алды. Жалпы Алматы қаласында 75 Ұлы Отан соғысының ардагері қалған. Мерекеге орай олардың барлығына тиісті көңіл бөлініп, қолдау көрсетілді.
Авторы: Дана Алиева