Атыраулық шаруаларға жер жетпей жатыр
Атакәсіпті қолға алған Самат Боранов өрісін кеңейту үшін жер телімін алуға талай рет талпынғанымен тауы шағылған. Ол қазір ауыл ішіндегі аядай шарбаққа түліктің түр-түрін амалдап асырауда. Ал кезінде мыңдаған гектарды иемденіп алғандар жерді өзі игермей, болмаса бос жерді мемлекетке кері қайтармай келеді.
Енді құзырлы органдар осындай иен жатқан алқаптарды ғарыштан бақылап, мониторинг жүргізуді қолға алмақ. Мақсатсыз пайдаланған жерлер біртіндеп кері қайтарыла бастайды.
Ірі-ұсақты аралас топ түйе шағын қораның қабырғасында бойлай тізіліп тұр. Арасында биыл боталағандары да бар. Ойсылқара төлі тек жуастығы мен егесінің ерінбейтін арқасында сыйысып тұрғандай. Самат Борановтың қорасында түйе мен сиырдан өзге жылқы да бар. Қымыз дайындап, пайдасын көрейін десе, оған бие байлайтын орын жоқ. Шаруа жігіттің жер алуға деген құлшынысы екі жыл бойы аяқсыз қалып келеді.
Самат Боранов, шаруа:
- Аула тар, жайылатын жер жоқ. Осыдан 10 шақырым жерде «Катлован» өзегі бар, сол жаққа жайсам деймін, бірақ жер болмай тұр. Еңбек еткен адамға пайда бар. Сүті, шұбаты, еті – пайда. Бірақ 6 соттық жерде қалай көбейтемін? Оған жер керек. Сол жағы шешілмей тұр.
Атырау облысында ауыл шаруашылығына тиесілі 9 млн гектардан астам жер бар. Оның жартысына жуығы сорлы, тұзды болғандықтан, егінге де, мал бағуға да жарамсыз. Сондықтан шаруашылықтар 4 млн гектар жерге сығылысып күнелтуде. Енді жер қатынастары басқармасы ауыл шаруашылығына жарамды, бірақ игерілмеген жерлерді ғарыштық құрылғылар арқылы бақылайтын болады. Былтыр Атырауда 184 шаруа қожалығының 170 мың гектардан астам жерді мүлде игермегені анықталған.
Әлібек Ермекқали, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Жердің көлеміне келетін болсақ, Қызылқоға ауданында қайтарылмай жатқан 40 мың гектар жер бар. Ал қожалыққа келетін болсақ, Махамбет ауданында 40-тан астам қожалық жерді қайтармай отыр. Бұл бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Нәтижесінде, облыс бойынша 87 мың гектар жер мемлекетке қайтарылыпты. Ол кезең-кезеңімен Самат Боранов секілді жерден таршылық көріп жүрген шаруаларға конкурс арқылы берілуі тиіс. Жалпы соңғы үш жылда мыңға жуық шаруаға 500 мың гектарға жуық жер телімі рәсімделген.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов