Аралтөбе және Иеңкөл су қоймаларының құрылысы қашан бітеді?
Алматы облысының Басши ауылдық округіндегі нысанға қатысты әкімдіктегілер тағы да осылай деп жауап берді. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы аталған мәселені «Хабар» арнасының тілшілері көтерген болатын. Сол кезде де тапсырыс берушілер «жыл соңына дейін құрылысты аяқтаймыз» деп сендірген еді. Бірақ олардың айтқаны орындалмай, шаруалар биыл да егін еге алмай қалды.
Мұхит Сәрсеновтің суармалы егістік алқабына соқа салмағанына алты жыл болды. Иеңкөл бөгетіне су жиналмауы салдарынан ол 28 гектар жерін игере алмай, мал азығын дайындай алмай отыр. Ауылда тұрса да, жем-шөпті сырттан сатып алуға мәжбүр.
Мұхит Сәрсенов, шаруашылық жетекшісі:
- Біз тек осы су қоймасымен жан бағамыз. Басқа мүмкіншілік жоқ. Қазір көшудің аз-ақ алдында тұр. Былтыр малдың шығыны 150 басқа барды. Бұл ұсақ малды айтпағанда.
Құрылыстың созбалаңға салынуынан Нұрым және Басши ауылының тұрғындары негізгі табыс көзінен қағылып отыр. Өйткені тіршіліктің тірегі егістік еді.
Ұлпаш Сейсенова, ауыл тұрғыны:
- Халық қазір сенделіп, сең соққан балықтай болып жүр. Бас мердігерді ешкім көрген жоқ. Қайда деп сұрасаң: «Жұмыстан шығып кетті», – дейді. Неге мемлекет оларды қудаламайды, неге ұстамайды?
Қос нысанды күрделі жөндеуден өткізуге 1,3 млрд теңге бөлінген. Қаражатқа алты шақырымнан асатын құбыр тартылып, суағарлар салынды. Тоспаның табаны тазаланыпты. «Бірақ атқарылған жұмыстың сапасы сын көтермейді», – дейді құрылысқа қатысқан тұрғындар.
Мұхтар Бұғыбаев, ауыл тұрғыны:
- «21 маусымда бітіріп береміз», – деді. Кейін жоқ болып кетті. Одан кейін басқа біреулер келді. Олар жұмыс істеген жоқ. Одан кейін тағы басқа жігіттер келді. Олар өздерінің қаражатына біразын жасады да кетіп қалды. Сапасыз платинаның топырағын шығарып, әрі қарай жинап қойды. Кейін су толғанда, су оны бері қарай қайтадан түсіреді. Сол жағынан дұрыс тазаланбады. Суағарлары әр жерде қирап жатыр. Құбыры да бітпеді.
Әлібек Жақанбаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Өзінің жұмысын дұрыс атқармаған мердігерді сотқа бердік. Бірінші сот отырысы болып, сот мердігерді кінәлі деп тапты. Енді олар апелляцияға берді. Апелляция 18-і күні қаралады. Біз бұл жұмысты осы жылдың аяғына дейін бітіріп, келер жылдан бастап қолданысқа береміз.
Облыс әкімінің жергілікті халықпен кездесуінде Басши ауылдық округінің тұрғындары бірнеше мәселені көтерді. Оның ішінде ауызсу тарту, жайылым қажеттігі сынды проблемалар бар. Соның ең маңыздысы – бөгеттің құрылысын аяқтау. Өйткені қазір аймақтағы егістік алқаптар игерілмей жатыр. Осы жылы да егін екпеген шаруалар енді келесі жылға зор үмітпен қарап отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов