Елордадағы тұрғын үйлерді қандала қаптады
Қазір қалада осы қандалаға қатысты жасырын эпидемия жүріп жатқан тәрізді. Әрине, «қансорғышқа таландық» деп дабыра болған ешкім жоқ. Бірақ қандаладан қашып, пәтерден пәтерге көшіп жүргендерді жиі көреміз. Қалада 30-дан астам дезинфекциялық ұйым болса, солардың әрқайсысы күніне кемі 3-4 пәтерге тазалау жұмысын жүргізеді екен. Осыған қарап-ақ, жасырын эпидемияның жайылу аумағын аңғара беріңіз. Қандаланың қауіптілігі сол, қандай да бір жұқпалы аурумен ауыратын адамның қанын сорған жәндік екінші сау адамға сол сырқатты жұқтыруы мүмкін екен.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Көбіміз қандаланы ескі үйлерде, жатақханаларда немесе лас пәтерлерде ғана болады деп ойлаймыз. Бірақ соңғы уақытта бұл жұқпалы жәндік елордадағы ең таңдаулы элиталық үйлерге де жетіпті. Мәселен, дезинфектор мамандар сол жағалаудағы ең танымал тұрғын үй кешеніне бір емес, бірнеше рет тазалау жұмысын жүргізгенін айтып отыр.
Раушан Смағұлова, «ЦентрГорДез» ЖШС директоры:
- Highvill элиталық тұрғын үй кешенінде де қандала бар. Тәуелсіздік көшесінің элиталық үйлер көп. Үйлері сарай деп айтуға болады. Бірақ ішінде қандаласы бар. Өйткені қандала көшеден үйге киіммен бірге келуі мүмкін. Біреудің үйіне қонаққа барсаңыз немесе сізге біреу қонаққа келсе, киімдерімен алып келуі мүмкін.
Бірақ ешкім «үйімде қандала бар» деп ашық айтпайды. Өйткені елдер қандаласы бар пәтерді ешуақытта жалға алмайды. Қандаласы бар үйге қоңсы қонудан да қашады. Бейсенкүл Әшірова да осымен үш рет пәтер ауыстырыпты. Үш пәтерде де есіктен қожайыны емес, қандала қарсы алған.
Бейсенкүл Әшірова, қала тұрғыны:
- Қабырға қағазының астын ашып қарасаң, быжынап жүреді. Сөздің ашығы, бармаған жеріміз қалмады.
Мамандар елордадағы қандаланың ең алғашқы ошағы 2011 жылы Оңтүстік-Шығыс ауданындағы жалдамалы пәтерлерде тіркелгенін айтады. Кейін пәтерден пәтерге сабылған сол елмен бірге қандала да жөңкіле көшкен. Қазір тұтас қаланы жаулап алды.
Айбарша Дүйсенбай, энтомолог:
- Үйінде қандаласы бар тұрғындар басқа пәтерге көшіп кетсек, үй-жайға ауыссақ, қандала болмайды деп ойлайды. Олар төсек-жабдықтары қандаланың ұясы екенін білмейді. Сондықтан бүкіл қалаға қандала тарап кетті.
Яғни жиһазға, көрпе-төсекке жұққан дернәсілден құтылу өте қиын. Оны арнайы тазалаудан өткізу керек немесе біржола көзін құртқан жөн. «Тіпті қоқысқа лақтыратын заттың өзін дезинфекция жасап барып тастау керек», - дейді.
Раушан Смағұлова, «ЦентрГорДез» ЖШС директоры:
- Жиһазды лақтырады. Оны кейбір цехтар алып кетеді. Сосын кейбір детальдарын шешіп алып, жаңа диванға салуы мүмкін.
Демек, жаңа жиһазбен бірге үйіңізге күтпеген қонақ келіп тұрса, таңғалмаңыз. Өйткені қандала жиһаз жасайтын цехтарды да жаулап үлгерген. Цехтар былай тұрсын, жиһаз сататын ірі сауда орындарының өзі де дезинфекторларды талай рет шақыртып, қандаладан тазартқан екен. Арасында тіпті мемлекеттік мекемелер де бар.
Раушан Смағұлова, «ЦентрГорДез» ЖШС директоры:
- Бірнеше рет бізді балабақшаға да шақыртты. Өйткені балабақшада қандала болды. Балалар өзінің киімдерімен алып келген, содан тараған.
Тұрғындардың басты қателігі қандаламен күресте кәсіби мамандарды шақырмайды. Әсері әлсіз препараттарды қолданады. Кесірінен қазір қанадаланың өзінде дәріге деген иммунитет пайда болыпты. Оңайлықпен жойылмайды. Қандала – адам қанымен қоректенетін паразит. Қанға тойып алса, үш күннен бірнеше аптаға дейін ұйқыға кетеді екен. Сондықтан бір рет дезинфекция жасап, одан түгел құтылам деп ойламаңыз. 10 күннен соң қуыс-қуыста ұйқыда жатқан қансорғыштар тағы оянуы әбден мүмкін.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Аманжол Байғазин, Бақытбек Нұртаев