Рудныйлық Ғабдолда Төлеубеков мүгедектікті дәлелдеудің азабын тартып келеді
Ал мені бақылап, қарамақ түгілі, көзін көрмеген бір дәрігер сыртымнан жағдайы қалыпты деген тұжырым жасапты. Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғыны Ғабдолда Төлеубеков біздің арнаға осылай деп шағымданды. Оның айтуынша, сол дәйектемеге сүйеніп, дәрігерлік-кеңес комиссиясы мүгедектігін екінші топтан үшіншіге ауыстырып жіберген.
Ғаболда Төлеубеков төрт жыл бұрын оң жақ аяқ-қолы тартылып, құрысып қалған. Дәрігерлер омыртқа жотасында көлемді жарықшақ бар деген диагноз қойыпты. Содан бері аурухана оның екінші үйіне айналды. Нұр-Сұлтанда екі рет операция жасатыпты.
Ғабдолда Төлеубеков, Рудный қаласының тұрғыны:
- Екінші операциядан кейін жақсарып, ақырындап жүргенмін. Қазір мүлдем жүре алмай қалдым. Тартылып қала береді. Бәрі ауырады, арқадан бастап аяққа береді. Сосын қолға, баса да алмаймын, жаза да алмаймын. Жүру қиын болып қалды.
Бастапқыда Ғабдолдаға екінші топтағы мүгедектік тағайындалған. Ал биыл «жағдайы қалыпты» деген анықтамамен үшінші топқа көшірліпті. Ол дәрігерлердің бұл шешімін түсінбей дал. Соңғы үш айда Рудный, Қостанай, Қарағанды қалаларындағы ауруханаларда жатып, ем қабылдаған. Олардың жазбалары бар. Бірақ жергілікті невропотолог оны қаперіне ілмеген. Сырқаттың денсаулығын тексермей, комиссия қарауына екі жыл бұрынғы анықтаманы көшіріп жазып жіберген.
Бақыткүл Төлеубекова, Ғ. Төлеубековтің зайыбы:
- Құжаттарды бұрмалағандығы жанымызға батады. Бір дәрігер бізді «қабылдадым» деп жазыпты. Оны көрген де жоқпыз. Көз дәрігері де қағаз жүзінде бізде қараған. Ал шындығында ол кезде оңалту орталығында болдық. Комиссияның отырысы 29 сәуірде өтті. Бірақ оның хаттамасы 4 мамыр деп толтырылған.
Тағы бір түсініксіз жайт, Қостанай, Қарағанды дәрігерлері науқастың жағдайын 2,3 балл деп бағаласа, яғни әлсіз. Ал рудныйлық невропотолог 4 балл деп белгілеп, денсаулығы қалыпты екендігін көрсеткен. Міне, осы соңғы анықтама шешуші болған сияқты.
Жандос Рахметов, қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары:
- Бұл науқастар осындай шағыммен шыққаннан кейін ол науқасты бір емес, бірнеше рет комиссиялық қарау болды. Біз бес дәрігер болып, науқасты қайта қарадық. Науқастың жағдайы бірқалыпты. Сол комиссияның шешімі бойынша екінші топтан үшінші топқа өткізілді.
Сөйтіп, Ғабдолданың денсаулығында оң өзгеріс байқалмаса да үшінші топқа ығыстырылған. Ал жергілікті дәрігер науқасты көрмесе де жазбаларына қарап, анықтама беруге құқылы екен.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг