Маңғыстаудағы Жетібай ауылының іргесіне мұнай қалдықтарын төгу тыйылар емес
Олардың айтуларынша, елді мекен іргесіне мұнай қалдықтарын әкеліп төгу тыйылатын емес. Өндірістік мекемелерден шыққан әртүрлі қалдық желді күні ауаға таралады. «Оларды былтыр ала жаздай өртеді. Радиактивті шаң-түтін жұтып отырған соң, науқас адам, әсіресе туабітті кемтар балалардың саны артып барады. Ашынған жұрт: «Аудан әкімдігі мен экологтар қайда қарап отыр», – дейді.
Жетібайлық Бақытжан Ешмановтың ұл-қызы туғанынан науқас. Қос перзенті әлі күнге сөйлей алмайды. Ақтауға апарып емдетуге жағдайы жоқ әке балаларын ауылдағы мамандарға қаратып жүр. Ер баласы енді жүре бастаған.
Бақытжан Ешманов, ауыл тұрғыны:
- Көзіне жара шыққан ғой. Аяғына, тізесіне, шынтағына. Мектепке де бармайды, арасында қалып қояды. Ауасы лас. Су төгеді, шаң-тозаң, мұнайдың қалдықтарын төгеді.
Айна Жақауова, логопед-дефектолог:
- Орталық 2019 жылы қазан айында 13 баламен ашылды. Қазіргі таңда біздің орталықта 85 бала бар. Экологиялық факторлар және ананың денсаулығы, барлығы әсер етеді.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Ауадағы сасық иіс мұрын шыдатпайды. Жетібай тұрғындарының айтуынша, далаға тасталған мұнай қалдықтарын жағу биылдан бастап тоқтапты. Бірақ өндірістен шыққан түрлі қоқысты ауылдың іргесіне әкеліп төгу әлі де жалғасып келеді. Мәселен, мына сұйықтық бірнеше тәулік бұрын төгілген.
Ауыл маңындағы қара сұйықтыққа толы шағын бассейн алыстан көзге түседі. Кезінде бұл жерде бірнеше мекеме құрылыс материалдарын шығарған. Карьер иелері бірнеше рет ауысып, ақырында 10 мың тоннадай қалдық төгілген орынға айналады. Енді зардабын жергілікті халық тартып отыр.
Ағзам Жұмсақов, ауыл тұрғыны:
- Ұйқыдан тұрмай қалатын адам жетіп артылады. Негізінде бәрі экологиядан. Мен 59 жылдан бері жетібайлықпын. Бірде-бір кемтар бала болмаған. Міне, мұнай келіп жатыр. Қай жақтан келіп жатыр? Әкеліп, осы жерге төгеді.
Жалпы Қарақия ауданында мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын 15 мекеме бар. Жуырда жасалған ғарыштық мониторинг барысында заңсыз қоқыс тасталған 7 орын анықталды.
Сымбат Төретаев, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары:
- 4 нүктесін тазалап бітірдік. 2008 жылы Жетібай ауылы әкімінің шешімімен «Оралэнергострой» ЖШС-ға мұнай қалдықтары өңдеу және құрылыс материалдарын дайындауға 6 гектар жер берілген. Экология департаментінің талаптарын дұрыс орындамағаны үшін сот шешімімен олардың қызметі тоқтатылған.
Шенеуніктің сөзінше, 6 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Ендігі мәселе мұнай қалдықтары иесіз болып табылады. Рекультивация жасау үшін алдымен сот арқылы коммуналдық меншікке алу керек. Түсіру тобы барған жерлерге сол күні экологтар жетіп, сынамалар алды.
Гүлім Лұқпанова, Экология департаментінің бөлім басшысы:
- Экологиялық заңбұзушылықтар анықталып, келтірілген залал нақтыланды. Тұрғындардың өміріне зияны жөнінде ғылыми институттарды шақырту арқылы белгілі бір дәрежеде зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймыз.
Өкілетті орган мәліметінше, серіктестіктердің бірде-бірі экологиялық заң талаптарын сақтамаған. Оларға 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дусалиев