БҚО-да өрістегі малға қасқыр жиі шабады
Биыл аймақта қасқыр көбейіп кеткен. Әсіресе Бөкей Ордасы ауданында өрістегі малға жиі шабатын болды. Тірлігі төрт түлікпен байланысқан ауыл тұрғындары маңайды торыған ит-құсты аулай алмайды. Оған рұқсат жоқ. Арнайы тіркеуден өткен күннің өзінде әр аңшыға шектеу қойылады. Шыр-пыр болған шаруалар биліктен мәселені шешіп беруді сұрап отыр.
Жыл басталғалы бері Ұялы ауылдық округінде жүзге жуық мал түз тағысының жемтігіне айналған. Соның ішінде қожалықтарда шығын көп. Малын қыстақтағы шаруаларға қосатын Нұрболат Меңдіғалиев қазір сиырын ауылда бағып отыр. «Өйткені даладағы агроқұрылымдар төңірегінде бөрілер өріп жүр», - дейді ол.
Нұрболат Меңдіғалиев, Ұялы ауылының тұрғыны:
- Малымызды қыстаққа қосатын едік. 5-6 күннен кейін «жеп қойды» деген хабар келді. Ауылдан құмға барғанда қасқырлар шетте жүреді. Ауылға әзірге кірген жоқ. Қасқыр атуға тыйым салынған. Құмдағы шаруалардың бәрі малынан айырылып, жылап отыр.
Ауылдық округте 62 қожалық бар. Бәрінің мәселесі ортақ. Шаруаларда мылтық болғанымен, қасқырды атуға рұқсат жоқ. Шаш-етектен шығынға батқан ағайын әкімдікке талай мәрте шағым айтып барған. Алайда соңғы екі-үш жылда қасқыр мүлде ауланбапты.
Ерлан Ермекқалиев, Ұялы ауылдық округінің әкімі:
- Көктем немесе күзгі уақытта жаманауыздың малға тиетіні рас. Қыстың кезінде қардың болмауы кішкене кедергі болады. Қасқыр атуға онлайн рұқсат алуға болады, жеңілдік бар. 2-3 қожалық бірігіп аламыз ба деп отырмыз.
Сала мамандарының айтуынша, 2017 жылы аймақта небәрі 400 шақты қасқыр болған екен. Сол кезден бастап оларды атуға қатаң шектеу қойылған. Ал биыл түз тағысының саны үш есе өсіпті. Енді 196 бөріні атуға рұқсат берілген. Арнайы құжат алу үшін аңшылар электронды порталға тіркеліп, өтініш тастауы тиіс. Алайда әрқайсысы үш қасқырдан артық ата алмайды.
Арман Ізімғалиев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:
- Еgov.kz порталы арқылы келіп түскен өтінімдерге сәйкес, 186 қасқырды атуға рұқсат қағаздары берілді. Қазір оны қалды. Өтініштерді аңшылар бере алады. Онда өзінің аңшылық куәлігі болуы керек. Мылтықтың рұқсат қағазы болуы тиіс.
Демек, жыл соңына дейін облыста енді тағы төрт аңшы қасқыр атуға рұқсат ала алады. Шаруалар сала мамандарынан тиісті құжаттарды берер кезде түз тағысы қаптаған аудандарға баса назар аударуды талап етіп отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов