Қызылорда облысындағы Қармақшы аудандық ауруханасы күрделі жөндеуді қажет етеді
Содан бері есік-терезелері бір рет қана ауыстырылған екен. Әсіресе қысты күндері палаталар мен операция залы суық болады. «Қабырғасын қалыңдатпаса, тонналап көмір жақса да, аурухана іші жылымайды», – дейді дәрігерлер.
Қалимаш Әбдікерова 82 жаста. Соңғы жылдары қан қысымы тұрақтамай, денсаулығы әлсін-әлсін сыр береді екен. «Дәрігерлерге жиі қаралып, ем алып жүрген соң, аудандық ауруханаға тән мәселелер мені де бейжай қалдырмайды», – дейді кейуана.
Қалимаш Әбдікерова, Қармақшы ауданының тұрғыны:
- Қыста үйімізден көрпе-төсек алдырып жатамыз. Қабаттап жамыламыз. Мұнда да көрпе-төсектер бар, бірақ бәрі өзіміз үшін. Әсіресе үлкен кісілер тоңғақ болады ғой.
Аудандық аурухана 2020 жылы бірқатар жаңа медициналық құрылғымен жабдықталған. Тіпті күрделі операциялар жасау үшін эндоскопиялық аппарат сатып алынған. Құрылғылар жаңа болғанмен, жылудың жайы мәз емес. «Әсіресе операция залының температурасын тиісті талапқа сай жылыту қиынға соғып тұр», – дейді дәрігерлер.
Жандос Мейірманов, реаниматолог дәрігер:
- Отаның да түр-түрі бар. Белден берілген кезде науқас толық есінде жатады. Толық есінде жатқан кезде тоңғандарын айтатындар да бар. Ондай кездерде амал жоқ, пеш кіргізуге тура келеді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Аурухана бюджетінің үнемделген қаражаты есебінен өткен жылы терапия бөлімінің сыртқы қабырғасы арнайы жылу ұстағыш материалдармен қапталған. Соның нәтижесінде палаталар жылы болыпты. Дегенмен бұл аурухананың жалпы аумағы 9 700 шаршы метрден асады екен. «Ал оның барлығын дәл осылай қаптап шығу үшін 200 млн теңгеден астам қаражат қажет», – дейді мамандар.
Бақытжан Нысанбаев, Қармақшы аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Біз биылғы жылға құны 205 млн сметалық құжаттарды дайындап, өткізген болатынбыз. Ол экспертизадан өтті. Облыста отырған құрылысшылардың мақұлдау комиссиясында қолдауын тапты. Сыртқы келбеті металлопластикпен қоршалады. Ішінде жылу қабаттары пайдалануға беріледі. Соның есебінен бұл мәселе шешіледі деп ойлаймыз.
Қармақшының орталығы газға қосылғанына біраз уақыт болса да, аурухана ғимараты әлі күнге дейін көмірмен жылытылады. «Бұл мәселе биыл шешімін табады», – дейді бас дәрігер. Ол үшін 65 млн теңге қаржы бөлінген. Жылу маусымы басталғанға дейін аурухананың жылу қазандығы көмірден көгілдір отынға ауыстырылады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов