БҚО-дағы шипалы Соркөл тартылып барады
Дәл қазір өзегі жауын-шашынды ғана медеу қылып тұр. Ал шіліңгір шілдедегі жағдайды елестету қиын. Сондықтан жұртшылық аймақтың інжу-маржанынан біржола айырылып қаламыз ба деп алаңдайды.
Соркөл Жаңақала ауданының орталығында орналасқан. Бұрын елді мекен көлден екі шақырымдай қашықтықта жатқан еді. Соңғы он жылда ауыл екі есе үлкейіп, жаңа тұрғын үйлер жағалауға дейін жетіп қалды. Алайда шипалы көл кенеттен тартылып, қайта алыстап барады.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бұрын дәл осы тұзды су мен батпақты іздеп талай науқас адам алыстан ат терлетіп келетін. Шипалы көл тері ауруларының таптырмас емі еді. Алайда дәл қазір көлдің өзіне шипа керек. Соры қайнаған Соркөл адамзаттан араша сұрайды.
Су тартылған соң тұзы шығып, желмен ұша бастады. Мұның ақыры қатерлі індетке апарып соғуы да мүмкін.
Руслан Оразалиев, аудандық Мәслихат депутаты:
- Тұзы ұшып, адамдарға зиянын тигізуде. Кешке қарай аппақ болып көрініп тұрады. Бұл жерде денсаулықты да ойлау керек. Қазір біз мамандармен келісе отырып, 30% су алсақ, сол жағасына соқтырмасақ та сол бағытта ұстағымыз келіп отыр. Сосын келесі жылға тағы судың ыңғайы болғанда тағы мөлшерде су айдау керек. Көлімізге су келсе, сол жағада туризмді дамытуға, кәсіпкерлерге жолығып, инвестиция тарту ойда бар.
Соркөл жерасты суымен байланыспайды. Тек Жайық-Көшім суландыру жүйесі арқылы толады. Мамандардың айтуынша, биыл трансшекаралық өзендердің жоғарғы ағысы аумағында жауын-шашын мол түсуі гидрологиялық жағдайға оң әсер еткен. Аймақтағы 4 ірі су қоймасы тола келіпті. «Енді төмендегі Көшім өзенінің бір сағасымен Соркөлге едәуір көлемде су жібереміз», – дейді олар.
Төлеген Ғұмаров, «Қазсушар» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары:
- Жаңақала ауданы бойынша 6 мың га көлтабандарға су бердік. Енді екінші мақсатымыз – көлдерге су беру. Соркөлдің өзінің көлемі – 50 млн текше метр. Енді қазір жоспар бойынша 32-35 млн текше метр су беру жоспарымызда бар. Соркөлге баратын сағасын зерттеп, сосын бірлесіп, өзегін тереңдеттік. Қазір суды бір апта болды, аштық. Бір 3-4 күнде су түседі. Қазір жұмыстар жүріп жатыр.
Егер жоспарланған көлемдегі су жетсе, Соркөлдің екінші тынысы ашылары хақ. Ал өзегін байырғы қалпына толық келтіру әзірге уақыт еншісіне қалып отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов