Шымкентте жедел жәрдем қызметкерлері өзара сайысқа түсті
Осылайша, бүкіләлемдік пандемияның салдарынан тұралап қалған дәстүрлі шара қайта жалғасын тапты. Шараға он желілік бригаданың дәрігерлері мен фельдшерлері қатысып, ситуациялық сынақтардан сынға түсті.
Ашық аспан астында өткізілген сайыстың қатысушылары әуелі жол көлік оқиғасынан зардап шеккен жандарға медициналық көмек көрсетті. Сценарий бойынша жолаушылар мінген автобус пен газель соқтығысқан. Жол апатының салдарынан 23 адам түрлі дене жарақатын алса, тағы екеуі көз жұмды.
Оқиға орнына жедел жәрдем бекетінің жеті желілік бригадасы келіп жетті. Мамандар зардап шеккен жандарды үш топқа бөліп, шұғыл әрекет ету алгоритміне сай медициналық көмек көрсетті. Сайыста саспай, өз міндетін атқарғандардың бірі – Нұрасыл Мұсахан. Ол көп қан жоғалтқан 20 жастағы жігіттің аяғын таңып, сүйекке салмақ түспес үшін үрлемелі жастықшаны да пайдаланды.
Нұрасыл Мұсахан, қалалық №6 Жедел жәрдем бекетінің желілік бригада фельдшері:
- Біз күніне 20-30 арасында шақыртуға барамыз. Оның бір шақыртуы өздеріңіз көргендей, жаппай жол көлік оқиғалары. Бір шақыртуда терапевт боламыз, бір шақыртуда хирург боламыз. Барлық жағдайда алғашқы медициналық көмекті көрсетуіміз қажет. Жедел көрсетілген көмек аурудың негізгі 80% аман алып қалуға көмектеседі.
Шымкенттік жедел жәрдем қызметкерлері жыл басынан бері жол апатына қатысты 1100-ден аса шақырту түскенін айтады. Салдарынан 1400-ге жуық адам түрлі жарақатын алған. Ал одан бөлек жедел медициналық көмекке жүгінетіндер қанша.
Гүлнәр Құрманбекова, қалалық Жедел жәрдем стансасының бас дәрігері:
- Жалпы қалада 102 бригада жұмыс істейді. Соның 30-ы – дәрігерлік, 72-сі – фельдшерлік бригада. Күнделікті екі мыңға жуық шақырту түседі. Қазір қала халқы көбейіп келе жатыр. Соған байланысты бала туу көбейіп жатыр. Сәйкесінше біздің шақыртуымыз да көп. Соның бәріне 102 бригада барып үлгеріп жатыр. Қызметін жасап жатырмыз.
Сайыс қатысушыларының шұғыл әрекетін арнайы сарапшылар бағамдап, кәсіби біліктілігіне баға берді. Қала күні мен медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай ұйымдастырылған шараның жеңімпаздары республикалық жарысқа жолдама алды. Үздік топ күз айларында өтетін жарыста аймақ намысын қорғайтын болады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов