Ақтөбеде әлеуметтік нысандар құрылысы тоқтап тұр
Тек облыс орталығының өзінде мың оқушы сыятын мектеп пен туберкулез дертіне шалдыққандарды емдейтін жаңа аурухана ғимараты, жеңіл атлетика кешені сияқты жобалар басталып, жарты жолдан тұралап қалған.
Жақында ғана «Есет батыр» атауы берілген Ақтөбенің бұл аумағында соңғы он жылда құрылыс қарқынды. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында ондаған көпқабатты үй тұрғызылып, халық саны да артып келеді. Сәйкесінше балабақша мен мектеп сияқты әлеуметтік нысандарға сұраныс жоғары. Алайда 4-шағын ауданы балалары үшін таяқ тастам жердегі мектепке қатынау арман боп тұр.
Бұл мектептің құрылысы туралы осыдан екі жыл бұрын облыс басшысы жариялаған болатын. Құны шамамен 1,5 миллард теңге. Үйдің іргесінен білім ордасы ашылады деп тұрғындар да бір жасап қалған. Алайда қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылғаннан кейін жұмыс тоқтап тұр. Қазір басында күзетшіден өзге ешкім жоқ. Облыстық Құрылыс басқармасы өкілдері мердігерге пандемия мен одан кейінгі материал бағасынының шарықтауы қолбайлау болды деп түсіндірді.
Аслан Жарасбаев, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда ол мектептің ішкі жұмыстары қалды. Сонымен қатар даласын абаттандыру жұмыстары бар. 1 қыркүйекте пайдалануға беремін деп отыр.
ІТ-мамандардың басын біріктіретін Орталық құрылысы да жарты жолдан тоқтаған. Осы маңға жоспарланған жеңіл атлетика кешенінің тіпті іргетасы да құйылмапты. Әкімдік өкілдері бұл нысандарға бюджеттің бір тиын қаражаты жұмсалған жоқ деп сендірді. Демеушілер есебінен кесек қаланған. Алайда жомарт мекемелер қаржы бөлуді тоқтатқан соң, республикалық бюджеттен қолдау күтіп отыр. Онда да ІТ-орталығының орнына зияткерлік және киберспорт түрлерін дамытуға арналған кешен тұрғызылады.
Аслан Жарасбаев, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Алдағы тамыз-қыркүйек айында жобалық-сметалық құжаттарды аяқтасақ, осы келесі жылы аяқтауға қаражат бөлуіне байланысты құрылысы жүргізілетін болады.
Орта жолдан айнып қап, құрылысы тоқтаған тағы бір нысан денсаулық сақтау саласына тиесілі. Өкпенің құрт ауруына шалдыққан жандарды емдейтін жаңа 400 орындық аурухана бес жыл бұрын басталған еді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қазір мұнда іргетасы ғана құйылып, әр жерде кірпіштері шашылып жатыр. Себебі жобаны зерделеген мамандар заманауи талаптарға сай емес деген шешім қабылдаған. Мәселен, балалар мен ересек бөлімдері дербес емес. Аса жұқпалы науқастарды оқшаулауға арналған box-бөлмелер ескерілмеген. Тіпті бірқатар медициналық құрылғылар да бастапқы жоспарға енбеген. Сондықтан жоба қайта жасақталуы тиіс.
Алайда нысанға тапсырыс берген Денсаулық сақтау басқармасы қазір туберкулез диспансерінен бас тартып отыр. Себебі бұл дерттің өңірдегі жұқтыру көрсеткіші 23% азайса, науқастардың көз жұмуы 27% түскен. «Бүгінде инфекциялық аурулармен күрес орталығы маңыздырақ», – дейді.
Бекболат Ізбасаров, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Герпитикалық инфекция, сонымен қатар цитамегалавирустық инфекциялар, COVID-19 инфекциясын айтпағанда осындай вирустар көбейіп бара жатыр. Ол науқастарды емдеуге арнайы жағдай жасалы қажет. Яғни бөлек-бөлек бокстар талап етіледі. Желдету жүйесі ерекше болуы қажет. Аурухананың салынуы біз үшін қазіргі таңда маңызды сұрақтардың бірі болып тұр.
Әйтеке би мен Мұғалжар, Қарғалы, Ырғыз аудандарында дене шынықтыру кешендерінің құрылысы бітпей тұр. Әкімдік өкілдері: «Мердігерлердің немқұрайлығы мен жүктелген міндетке атүсті қарағандықтан тұрғындар сарыла күтуге мәжбүр», – дейді. Құрылыс материалы құнының шарықтап кетуінен де жаңадан есеп-қисап жасауға тура келген. Құрылыс қаражат қайта есептелгеннен кейін жанданады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков