СҚО-да қоныс аударушыларға салынған үйлердің сапасы төмен
Салдарынан оңтүстіктен көшіп келген ағайындар қазір қиын жағдайға тап болып жатыр. Айтуларынша, үйлер қыста суық. Ал әкімдіктегілер мердігерлерді сотқа берген.
Ерлі-зайыптылар Ермек пен Айнұр былтыр Алматы қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударыпты. Мемлекеттік бағдарлама бойынша берген баспанасы сапасыз тұрғызылғанын айтады. Терезесі мен төбесінен жел үрлейді. Қыста суық.
Ермек Сахариев, Петровка ауылының тұрғыны:
- Ағаштың үйіндісін нығыздап қойдық, сонымен тұрды. Ол үйіндіні жел басқа жаққа түгел үйіп тастады. Соны ашып тұрып көрсеткем. «Бәрін жөндеп береміз», - деді. Қашан екенін бір құдай біледі. Мына еденнің барлығы шіріп жатыр. Ашсаң, түгел көгеріп жатыр.
Әкімдіктегілер олқылықтың орнын толтырмаса, бұл отбасы күзде кері кетуге бекініп отыр. Себебі олар: «Жергілікті билік үйіп-төккен уәделерін орындамай отыр», - деп ашынады.
Айнұр Құсайынова, Петровка ауылының тұрғыны:
- Ауасы таза, мал ұстауға, қаз асырауға болады дегеннен кейін келдік. Біз қаланың ортасында тұрған соң, ауылда тұруды армандадық. Сөйтіп келіп едік. Бұл ауыл арманымызды орындаған жоқ, сөздің шыны керек.
Былтыр Петровка ауылына төрт отбасы орналасты. Олардың қатарында Ираннан келген азаматтар да бар. Қандастар мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай жүр.
Қадиша Адай, қандас:
- Мысалы, мен парсы тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Парсы әдеби тілінің маманымын. Енді мұғалім болып істей алмайтын шығармын. Бірақ дұрыстау, өз мамандығыма сәйкес жұмыс болса деймін.
Аудандық әкімдіктегілер баспаналарды сапасыз салған мердігерді сотқа берген. Олар кемшіліктердің орнын толтырулары міндетті. Себебі үйлер әлі кепілдікте. Ал қоныс аударушыларға жұмыс та, бау-бақшамен айналысамын дегендеріне жер де берген.
Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі:
- Біреуінің де бүгінгі күні білімі жоқ. Мамандықтары жоқ. Қандай жұмыс ұсынылды? Күзгі уақыт болған соң, егін науқанына сағатына мың теңгеден төлеп жібердік. Николаевка ауылындағы шаруаларда 10-12 күн істеді. «Әрі қарай істемейміз», - деді.
Жалпы биыл өңірге 2,5 мың адам көшіп келеді. Тек жарты жылда 221 отбасы квота арқылы солтүстікке қоныс аударып үлгерген.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов