Елімізде ай сайын 1,5 мың адам интернет алаяқтарының арбауына түседі
Келтірілген шығын көлемі миллиондаған теңге. Олардың өндірілгені шамалы. Оның үстіне қылмыс түрленіп барады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Желідегі әккілер қалай әрекет етеді, ал қарапайым қолданушы нені білуі керек?
Интернет алаяқтық. Ол әсіресе соңғы 4-5 жылда қазақстандықтарға қатты зардабын тигізді.
Оған мына сандар дәлел. 2017 жыл. Екі мың отандасымыз ғаламтордағы әккілердің арбауына түсті. 2021 жылы бұл сан 20 мыңға жеткен. Биыл алты айда 9600 адам алданыпты.
Сондай жәбірленушілердің бірімен біз де жолықтық. Кейіпкеріміз жүзін көпшілікке көрсетпеуімізді өтінді. Желідегі белгісіз біреулер оны мегажобаға инвестор боласың деп шақыртыпты. Онысы артынан мега алаяқтық болып шыққан.
Алаяқтық құрбаны:
- 300 мың теңге бір салдым. Одан кейін 250 мың теңге. Ол тек менікі. Одан кейін менің әпкелерім, анам салған. Чатта қаншама халық бар ғой.
Чат деген – алданған адамдардың тобы. Интернеттегі алаяқтың жаңа түрі – тап осы инвестор болуға шықыру. Жалған жобаларға бүгінге дейін 750 отандасымыз ақша аударып сан соғып қалыпты. Олар жарнамада ұлтық және екінші деңгейдегі банктердің логотиптерін, қоңырау шалса сол қаржы ұйымының атын қолдану арқылы азаматтарды өзіне тартатын көрінеді.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз хатшысы:
- Алаяқтар Ұлттық банк атынан телефонға қандай да бір қосымшаларды жүктеуді ұсынады. Ұлттық банк жеке азаматтармен банктік операциялар жүргізбейді. Ұлттық банк жеке азаматтарға есеп шот ашпайды.
Десе де ең көп алданатындар – онлайн сауда жасаушылар. Тізім түрлі ойынға бәс тігу, несие рәсімдеу сияқты жалғаса береді.
Сүйінбай Жандос, ҚР ІІМ орталық бастығы:
- Тұрғынның есепшотынан 137 млн теңге қаржы ұрлаған, жеті адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленді. Тінту кезінде олардан 20-дан астам төлем картасы, сондай-ақ банк карталарының атаулары мен құпиясөздерінің жазбалары табылды. Бұл топтың құрамында Қазақстан мен шетел азаматтарының бар екені анықталған.
Осы және өзге фактілерді қосқанда биыл еліміз бойынша 1,5 мың интернет алаяқтық әшкереленген. Ал жәбірленгендер бұдан 5-6 есе көп. Сондықтан киберқылмыстың құрбаны болмау үшін бөтен сілтемелерге кірмей, қашанда қырағы жүрген жөн. Бұл – мамандардың кеңесі.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев