Қарағандылық ірі кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ұсынуда
Еске салсақ, Мемлекет басшысы министрлер кабинетіне қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартып, табысын арттыру бойынша нақты міндеттер қойған болатын.
Саран қаласындағы алып зауыт салынып жатыр. Оның құрылысына 200-ге жуық азамат тартылған. Жоспарға сәйкес, кәсіпорында жылына 3,5 млн жуық автомобиль шиналары шығарылады. Алдағы уақытта зауытқа мыңға жуық жұмысшы керек. Қазір қызметкерлердің жартысына жуығы Татарстан елінде біліктілігін арттырып жатыр. Сондай-ақ Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында «шина жасау» және «резеңке өндірісі» мамандықтары бойынша жаңа курстар ашылды.
Виталий Дедов, «KamaTyresKZ» ЖШС шина зауыты директорының көмекшісі:
- Бізде Қазақстаннан тікелей жұмысқа қабылдайтын бірқатар мамандық бар. Бұл – қазандық қондырғыларының машинистері, операторлар, электромонтерлар. Оларды осы жерде біліктіліктерін арттырып, қайта даярлау қажет. Кейін бірден жұмысқа қабылдай береміз.
Ал «Kazcentrelectroprovod» – елге танымал зауыттардың бірі. Ішкі нарықты қажетті кабельмен толық қамтып, артылған өнімін Германия, Ресей, Өзбекстанға экспорттайды. Жұмыс толықтай автоматтандырылған. Соған қарамастан, қазір мұнда 265 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Геннадий Прокопьев, «Kazcentrelectroprovod» ЖШС бас экономисі:
- 2022 жылдан бастап біздегі тарифтік мөлшерлемелер 10% көтерілді. Ал жекелеген өндірістік қызметкерлер үшін 20% арттырдық. Биылғы жылдың алғашқы жартысында компания бойынша орташа жалақы 340 мың теңге шамасында болды. Біздегі қызметкерлердің көбісі – Саран қаласының тұрғындары. Бірақ облыстың өзге қалаларынан келетіндер де бар. Оларды жұмысқа алып келіп, қайта апарып тастайтын мүмкіндік қарастырылған.
Қазір тек Саран қаласында өндірістегі айналым 30 млрд теңгеге жуықтаған. Ал салынған инвестиция 21 млрд теңге шамасында. 730 адам жұмыспен қамтылды. «Жұмыссыз» деп тіркелген 170 адам қайта оқытылып, біліктіліктерін арттыру курсынан өтеді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпхар