Ақмола облысында көпбалалы отбасылар кәсібін дөңгелетіп отыр
Шайдолла Бекзадаұлы – бес баланың әкесі. Жастайынан ағаштан түрлі бұйым жасайды. Балалы болғаннан кейін отбасын асырау мақсатында осы ісін табыс көзіне айналдыруды қолға алыпты. Жұмысын шағын цехты жалға алып бастаған Шайдолланың өнімдеріне қазір сұраныс жоғары.
Шайдолла Бекзадаұлы, шебер:
- Қолымнан келетін болғаннан кейін, осыған өзім жақын болғандықтан ақырындап үйрендік. Басында бәрін білгеніміз жоқ. Бірінші сол диваннан бастағанбыз. Одан кейін шкафтар. Қазір бәрін жасаймыз. Көбіне тапсырыспен істейміз. Уақыт болған кезде дайынын да істеп қоямыз. Сұраныс жақсы. Карантиннен кейін азайды, әйтпесе оның алдында жақсы болатын.
Сегіз баланың анасы Марта Қайсар тігіннің қыр-сырын анасынан үйренген. Жиырма жылдан астам уақыт осы іспен айналысып жүрген ол ұлттық ою-өрнек пен түстердің үйлесімін қатаң сақтайды. Қазір өз үйінен шағын цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Марта Қайсар, ісмер:
- Бұл жұмыстың машақаты да, қызығы да көп. Жұмысты жасап жүріп, баламызды бағы жүріп, осылай күн көріп жатырмыз. Басында хобби ретін айналысып жүрдім. Кейін кәсібіме айналып кетті. Ауырып қалсам да, осында келіп, жұмысымды істеп, жіптерімді орап, сызуымды сызып, тігіп, осылайша ішімдегіні шығарып тастаймын, ауруым да жеңілдеп қалады.
Өткен жылдың өзінде Бұланды ауданында мүмкіндігі шектеулі 20-ға жуық тұрғын мен көпбалалы ана грант алып, кәсібін бастаған. Олар өзінің сүйікті ісімен айналысып қана қоймай, көп үлгі болып жүр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный