СҚО-дағы ет өңдеу кәсіпорындарының жартысы банкротқа ұшырады
Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысында ет өңдеу кәсіпорындарының жартысы банкротқа ұшырап, жабылып қалды. Қазір теріскейдегі дүкен сөрелерінде көрші елден тасымалданған арзан өнім қаптап кеткен. Бұл қазақстандық тауарға сұранысты күрт төмендетті.
Солтүстік Қазақстан облысында ет өңдеу саласы тұралап қалуы мүмкін. Бүгіннің өзінде өңірдегі кәсіпорындар жаппай жұмысын тоқтатуда. Ал ірі сауда орындарында қазір сапалы емес, көбіне көрші Ресей елінен әкелінген арзан өнімдер сатылып жатыр.
Серік Ілиясов, ет өңдеу кешенінің директоры:
- Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бөлшек сауда желілері ақшаны бізден көп табады. Жеңілдік сұрайды. Тауарымыздың бағасын түсірмесек, олар сөрелерге шығарылмайды. Қазір кәсіпорында 150-ден астам ет өнімі дайындалады. Ал оның тек 3-4 түрі ғана супермаркеттерде саудалануда. Ал қалғандарын біз өзіміздің дүкендерімізде сатуға мәжбүрміз.
Расында қазір нарық импорттық тауарға толды. Отандық өнімнің бағасын арзандату да мүмкін болмай тұр. Себебі ет өнімдеріне қажет қаптамалар көрші Ресейде жасалады. Ал рубльдің тұрақсыздығы кәсіпкерлердің қалтасын қағып отырғаны анық.
Бүгінгі күні өңірдегі 15 кәсіпорнның тек жартысы ғана жұмысын жалғастырып жатыр. Оның өзінде олар өндіріс көлемін азайтқан.
Марат Ысқақов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Расында бұл мәселе кәсіпкерлерді алаңдатып отыр. Біз нарықты зерттеп, зерделедік. Енді бұл сұрақпен орталық аппаратқа шығуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін тиісті құжаттардың барлығын жинадық. Бұл сұрақты республикалық деңгейде қарастыру қажет.
Кәсіпкерлер: «Мемлекет тарапынан барынша қолдау болса», - дейді. Өйткені жағдай реттелмесе, азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру қиынға соғуы ықтимал.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов