Түркістан облысында жаңа қосалқы электр станциясы іске қосылды
Жаңа станция қанша МВт электр қуатын тасымалдауға қауқарлы? Бұл Түркістан қаласы мен маңындағы өндіріс орындарын толық жарық көзімен қамтамасыз ете ала ма?
«Орталық» жаңа қосалқы станциясын өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев пен «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев іске қосты. Сондай-ақ салтанатты рәсімге «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қатысты. Энергокешен Түркістан өңірін толығымен электр қуатымен қамту мақсатында салынды.
Қаныш Молдабаев, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл жерде екі автоматты 125 мегавольттық трансформатор қойылған. Жалпы 180 МВт. Қазіргі таңда жазда Түркістан қаласы 50-60 МВт қолданады. Бұл дегеніміз – жаңа трансформаторлар одан 2-3 есе қуаттылықта жұмыс істейді деген сөз.
Жоба құны – 9 млрд 926 млн теңге. Оны компания өз қаражаты есебінен салды. Жалпы станция аумағында 220 және 110 киловольт қуат көзін ашық және 10 киловольтты жабық тарату құрылғылары орнатылған. Сондай-ақ қосалқы станциялық басқару пункті, өрт сөндіру сорғы мен қосалқы ғимараттар орналасқан. Құрылысқа 75% отандық өнім қолданылған.
Ермаханбет Атақұлов, «KEGOC» АҚ Пайдалану және күрделі құрылыс жөніндегі басқарушы директоры:
- Осыдан 5-6 жыл бұрын осындай автотрансформаторларды біз Ресей, Украина, Қытайдан сатып алатынбыз. Қазір темір, бетон, кабель өнімдері Қазақстанда шығарылады. Қондырылған екі автотрансформатор Шымкенттегі «Asia Trafo» зауытының өнімдерін қазір қолданып отырмыз.
«KEGOC» басшылығы қосалқы станцияның әлеуметтік маңызы ерекше екенін атап өтті. Жалпы жоба құрылысына 114 адам тартылса, енді жергілікті 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Мамандар қосалқы станция Түркістан өңірін жарықпен толық қамтамасыз ететінін айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш