Павлодар бекеті жүк көлігі мен жолаушылар құрамы өтетін ірі транзиттік теміржол станциясына айналды
Бұл – кезінде Ақмола-Құлынды бағытының бастауы болған тарихы тереңде жатқан теміржол торабы. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Ертіс өңіріне алғашқы теміржол тармағы Омбыдан тартылған екен. Бір кездері тұйық станция болған Павлодар бекеті содан бері күніне ондаған жүк көлігі мен жолаушылар құрамы өтетін ірі транзиттік темір жол станциясына айналған. Ал қайта түлеген «ҚТЖ» ҰК» АҚ-қа биыл 25 жыл.
Теміржолшы Ксения Кузнецованың еңбек өтілі жиырма жылға жуықтайды. Әріптесі Дархан Жайлаубаевпен бірге пойыздардың қозғалысына жауапты. Ал Павлодар станциясы бүгінде Қазақстанның солтүстігіндегі ең ірі сұрыптау орталығы саналады.
Дархан Жайлаубаев, Павлодар станциясының теміржол кезекшісі:
- Барлық қозғалысты қадағалап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Сондықтан бұл жерде «жұмысқа көңілім болмай тұр» деген болмайды. Біз жұмысқа тек жақсы дайындықпен келеміз.
Павлодар тармағы төрт бекетті біріктірген бірегей тізбек болып табылады. Мұндай ірі жүйені басқару оңай емес. Тек сұрыптау дөңесінде бір тәулікте екі мыңнан астам вагондар мен цистерналар ажыратылады. Станислав Тимошенко теміржолшылар әулетінен. Ол осы ажыратылған құрамды қайта жинақтаумен айналысады.
Станислав Тимошенко, құрастырушы:
- Бесаспап маман болу үшін бәрін төменнен бастау керек деп ойлаймын. Сонда ғана жұмыстың қыр-сырын терең түсінуге болады.
Қызмет барысында анасы ұлына жұмысшылардың бірі ретінде қарайды. Ал қолы қалт еткенде жұбайымен жұмыс барысын талқылайды. Ол да теміржолшы. Бұл отбасының еңбек жолы теміржол саласымен тікелей байланысты.
Елена Тимошенко, «Павлодар - Солтүстік» электрлік орталықтандыру бекетінің кезекшісі:
- Мен көптеген станцияларда еңбек еттім. Қайда жүрсем де жақсы адамдар кезігеді. Теміржол – менің өмірім. Саналы ғұмырымның басым бөлігі темір жолда өтіп жатыр.
Осыдан үш жыл бұрын Павлодардың темір жол саласы бірден үш мерейтойды атап өтті. Сол кезде темір жол вокзалында көне паровоз пайда болды. Биыл да айтулы мереке. Теміржолшылар кәсіподағына 30 жыл толып отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов