Петропавлдағы жер үйлер Есіл өзеніне құлаудың аз-ақ алдында тұр
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Ерке Есілдің жағасы. Жардың жиегі. Керемет көрініс. Біреуге бұл жерде тұру арман болып көренетін шығар. Бірақ бұл үйдің тұрғындарына емес. Өйткені жардың жиегі жылма-жыл құлап, опырылырып барады.
Есілдің жағасында жанын шүберекке түйіп отырғандардың бірі – Күлзиян Сатанова. Жардың жиегі құлай-құлай үйдің іргесіне жақындап қалған. Тіпті кіреберіс қақпасы асулы тұр.
Күлзиян Сатанова, қала тұрғыны:
- Қорқамыз. Үйді сатып, көшіп кетейік десек, бұл үйді кім алады?! Ешкім алмайды. Қайда барамыз? Қазір үйлердің бағасы өскен. Енді жанымызды шүберекке түйіп қойып отырмыз. Түнде қорқып жатып, таңертең орнында ма, жоқ па деп қорқып тұрамыз.
Оның көршісі Ольга Полошкова да үрей құшағында. «Бұрын шарбақтың артында үй салатын жер болған дейді», - әйел. Ал қазір терең шұңқырға айналған.
Ольга Полошкова, қала тұрғыны:
- Жаңбыр жауса, үйде отыруға қорқамыз. Ал шұңқырдың тереңдігі 12 метр. Бізге қала әкімінің орынбасары, төтенше жағдай қызметкері мен депутаттар келіп, көмек көрсетеміз деп кеткен. Ешкім жоқ. Барып сұрағам, айтқан адам жұмыстан шығып кетті деп қоя берді.
Бұл жерде тұрудың қауіпті екенін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ресми түрде мәлімдеді. Олар осында зерттеу жүргізіп, жардың «жұқарып» бара жатқанын айтты.
Евгений Журавлев, ТЖД баспасөз хатшысы:
- Бұл үйді соңғы рет әкімдік қызметкерлерімен 2020 жылы қарап тексердік. Оның қорытындысы бойынша, адамдарға қауіп төніп тұрғаны туралы шешім шығарылды. Жауаптыларға айтып ескерттік.
Жауаптылар дегені – қалалық әкімдік. Олар мәселені жақсы біледі. Бірақ ақша жоқ дейді. Адамдардың өміріне қатысты сұраққа бюджеттен қаржы табылмапты.
Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Жардың жиегін күшейту күшейтуге байланысты жобалық құжат дайындау үшін 2020 жылдан бері бюджеттік сұраным жасап жатырмыз. Бірақ әзірге бюджеттен ақша бөлінген жоқ.
Мәселенің шұғыл түрде шешілетін түрі жоқ. Ал күндердің күнінде үйлер құлап кетсе, бәрі де кеш болуы мүмкін.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев