Елімізде тұрмысы төмен отбасындағы оқушыларды мектеп формасымен қамтуға 15 млрд теңге бөлінбек
Әр балаға шаққанда 37- 40 мың теңгеден айналатын қаражат биылдан бастап ата-аналардың есепшотына аударылады. Бірақ республика көлемінде қолға алынған жаңа бастама Жетісу облысында жүзеге аспайды.
«Мектеп формасын алуға қарастырылған қаражат жеке есепшотқа аударылады» дегенді естіген ата-аналар мән-жайды білу үшін жиналды. Басқарма басшысылығы және қала әкімімен кездескен олар енгізілгелі отырған жаңа жүйенің тиімді, ал қазіргісі қолайсыз екенін айтты.
Маржан Құдайбергенова, қала тұрғыны:
- Былтыр берген формаларының сапалары дұрыс емес. Жейделері кішкентай, одан кейін түйіршік-түйіршік болып кетеді. Юбкалары жұп-жұқа, парталарға ілініп, жыртылып қалады. Өзіне дәу болды. Ақшалай берсе, өзің сапалысын таңдап аласың.
Гүлнұр Жақашева, қала тұрғыны:
-Ақшалай берсе екен дейміз. Үстіне ақша қосып, балаларға ұнағанын алып береміз ғой. Қыз бала өсіріп отырмыз.
Жетісу облысында тұрмысы төмен отбасындағы 14 мыңнан астам балаға костюм-шалбар, жейде, сөмке және кеңсе тауарларын сатып алу көзделген. Ол үшін 361 млн теңгеден аса қаржы қарастырылып отыр. Әр оқушыға шаққанда 25 мың теңгеден айналады. Ол не себепті жаңа жүйемен емес, мемлекеттік сатып алу негізінде жұмсалатынын сала жетекшісі былай деп түсіндірді.
Айжан Адамбекова, Облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Ол өзгеріс әлі заңды күшіне енген жоқ. Сол себепті ата-аналардың есепшотына қаржы қарастырылмайды. Жетісу облысы бойынша жалпыға міндетті білім беру қорынан қаржы қаралған. 14 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы және кеңсе тауары ретінде көмек көрсетіледі.
Атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінен төмен отбасындағы балаларға, жетім және асыраушысынан айырылған оқушыларды жаңа оқу жылына дайындауға арналған көмек биыл қалыптасқан жүйе негізінде беріледі. Ал келесі жылдан бастап қаражат ата-аналардың жеке есепшотына аударылмақ.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов