Шымкенттегі жанармай бекеттерінде газ тапшы
Шымкентте сұйытылған газ бағасы 60 теңгеге жетті. Бұған дейін литрі 55-58 теңгеден саудалап келген еді. Автогаз тапшылығының салдарынан біршама бекет мүлде жабық тұр. Сондықтан көлік жүргізушілері газ таппай сенделіп жүр.
«Шаһарда автогаздың тапшылығы үш күннен бері сезіліп жатыр», - дейді жүргізушілер. Алғашында ішінара шектік норма белгіленсе, кейін тек талонмен сауда жасауға көшкендерін айтады. Ашынған жұрт: «Бекеттер бағаны көтеру үшін осындай амал-айла жасап отыр», - дейді.
Тасбалта Бекмолдаев, қала тұрғыны:
- 4-5 жанармай бекеті бардым, жоқ болды. Бірақ осы жерде бар екен. Құйып алдым. Мен тек газбен жүремін. Газ болмаса, көлігім мүлдем тоқтап қалады.
Сағадат Тілеубердиев, қала тұрғыны:
- 1 сағат болды, газ таппай жүрміз. Айналып-айналып осы жерден шықтық. Газ Жоқ. Не істейміз енді, амал жоқ.
Ал әкімдікке қарасты энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасындағылар: «Мұнай-газ тапшылығы жоқ», - деп жауапты қысқа қайырды. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін бір айға 7 мың тоннадан астам сұйытылған газ қажет болса, оның алғашқы легі жеткізілгенін алға тартып отыр.
Мақсат Ердембеков, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір газ тапшылығы жоқ. Өткен жұмада 46 вагон сұйытылған мұнай-газ келді. Қалада 4 газ жинақтаушы станса бар. Соған осы тамыз айында 7176 тонна газ келуі керек. Қазір кесте бойынша келе жатыр.
«Жанар-жағармай» қауымдастығының өкілдері бұл салада қордаланған мәселенің көптігін айтады. Мәселен, Шымкентте 170 жанармай бекеті бар болса, сұйық отын үлестіру жағы ақсап тұр. Сол себепті энергетика министрлігі шұғыл әрекетке көшіп, мемлекеттік комиссия құрылуы керек деп отыр.
Қайыпбек Қамбаров, «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы:
- Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Энергетика министрлігі тарапынан ешқандай схема-механизм істелінген жоқ. Бұрынғы «ауруымыз» қайтадан келіп жатқан сияқты. Сондықтан тез арада мемлекеттік комиссия құрылуы керек. Ол комиссияға қоғамдық қауымдастықтарды, «Атамекен» палатасын, басқа да кәсіпкерлерді кіргізіп, сол комиссия ұсыныс жасауы керек. Шешетін жолдары бар.
Аймақта сұйытылған газ таппай сенделген жүргізушілердің мәселесіне дизель отыны қосылып, жығылғанға жұдырық болды. Мамандар бағаны негізсіз көтеру дерегі бойынша мониторингтік топтар қадағалау жүргізіп жатқанын айтады. Егер пысықайлардың әрекеті әшкере болса, жауапкершілікке тартырады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов