Ерболат Досаев Алматыдағы бірқатар денсаулық сақтау нысанын аралады
Осы жайтты ретке келтіру үшін шаһар басшысы Қоғамдық денсаулық басқармасына және құрылыс мекемелеріне нақты тапсырмалар берді.
«Адамның басты байлығы денсаулық десек, медицина саласындағы мәселелер дереу оң шешімін табуы тиіс», - деді ауруханаларды аралап көрген қала басшысы Ерболат Досаев.
Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясында жылына орта есеппен 150-200 ооперация жасалады екен. Орталықтың қазіргі инфрақұрылымына, әсіресе операциялық-реанимациялық бөлімшелеріне күрделі жөндеу қажет. Мысалы, операциялық бөлмелерде желдету жүйесі жұмыс істемейді. Жылыту жүйелерін, кәріз құбырларын ауыстырып, шатырды, лифтілерді жөндеу қажет. Орталықтың жағдайымен танысқан қала әкімі Қоғамдық денсаулық және құрылыс басқармасына бірігіп, келесі жылы осы мәселерді толықтай шешуді тапсырды.
Ерболат Досаев қаладағы үш бірдей аудан халқына қызмет көрсететін 7-ші ауруханаға да бас сұқты. Мұнда да сапалы инфрақұрылым қажет екенін тілге тиек етті. Қабылдау бөлмесінің жаңа ғимаратындағы кемшіліктерді құрылыс басқармасына, мердігер компаниямен бірге қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
Жаңа шағын аудандар қосылып жатқандықтан, Алатау ауданына қарасты 22-ші қалалық емхананың келушілері де жылдан-жылға артып келеді. Бұл мәселені шешу үшін Саялы ықшам ауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынып жатыр.
«Ол пайдалануға берілген соң, Көкқайнар, Саялы және Томирис шағын ауданы тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі артады», -деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар қала басшысы 11-ші және 4-ші қалалық клиникалық емхананың да жай-күйімен танысты. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қала әкімі Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесін жетілдіріп, халықты сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Авторы: Жандос Айтбайұлы