Шалғайда жатқан елді мекендер мемлекеттік бағдарлама шарапатын көруде
Әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, жолдарға асфальт төселген.
Бұл ғимараттың іргесі 1979 жылы қаланған. Мәдениет ошағы 2009 жылы апатты деп танылып, бір қанаты толық жабылып қалған. Екінші бөлігінде жастармен жұмыс бөлімі, ардагерлер кеңесі орналасыпты. Рабиға Шақанова ұзақ жылдар осы ғимаратта күзетші болып жұмыс істепті. Алты жүз орындық кино залы бар үлкен мәдениет үйі ауылымыздың тірегі еді,- деп еске алады зейнеткер.
Рәбиға Шақанова, ауыл тұрғыны:
-Жақсы клуб болды. Жастар өлең айтады, келеді, кино болды. Билейтін жер болды. Жиналыс болса клубтың ішінде болатын. Қазір енді міне ремонт жүріп жатыр. Енді осы ремонты бітсе жақсы болар еді жастарға.
«Ауыл –ел бесігі» бағдарламасына енген мәдениет үйін қалпына келтіруге 91 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 40 миллионы игерілді.
Ақылбек Серікбаев, мердігер компания өкілі:
-Жұмысты наурыз айынан бастадық. Қыркүйекте бітіреміз деп отырмыз. Біздегі жобалық –сметалық құжат ғимараттың шатыры мен мәжіліс залы мен сахна. 10 адам төбесін жасап жатыр. Әрлеу жұмыстарына 8 адам тартылған. Енді аз күнде линолеум төсейміз, барлық материалдарымыз жаңа.
Ауыл өміріндегі оң өзгерістер мұнымен шектелмейді.
Жанел Смағұлова, ардагер кеңесінің төрағасы:
-Біз қалпына келтірілген Даңқ алаңында тұрмыз. Бұл ескерткіш 1969 жылы салынған. Онда соғыста қаза тапқан 82 боздақтың есімі жазылған. Кейін біз майданнан аман келіп, бейбіт күнде елінің өркендеуіне үлес қосқан 126 соғыс ардагерінің аты-жөні жазылған мемориалдық тақта орнаттық.
Ауылдың шежіресін зерттеп жүрген Жанел Смағұлова келешекте бұл тізімді тыл еңбеккерлері толтырады дейді. «Ауыл –ел бесігіне» бағдарламасына енген екінші ірі - жоба жол жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын.
Болат Баймолдинов, Лозовое ауылдық округінің әкімі:
-Жалпы сомасы 192 миллион теңгеге ұзындығы 8 шақырымнан асатын 8 көшеге асфальт төселеді. Бүгінгі таңда олардың жартысына жуығында жұмыс толық аяқталды. Қалғандарына қиыршық тастар төселді.
Биыл сондай-ақ фельдшерлік акушерлік пункт күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 47 миллион теңге қаржы қарастылып отыр. Лозовое ауылдық округіне Богатырь, Қаратай ауылы кіреді. Ресей шекарасына қол созым жердегі стратегиялық маңызды елді мекендерде бар болғаны 1,5 мың халық тұрады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков