Ақтөбе облысында суармалы алқаптар артты
Сондықтан шаруа қожалықтары жоңышқа, беде, жүгері сияқты азық әзірлеуді қолға алған. Жалпы ауданда биыл егістік көлемі 8 жарым мың гектарға артты.
Ауданда асыл тұқымды ірі қара саны артқан. Мәселен, мына шаруа қожалығы 200 бас симментал сиырын сатып алған. Жеңілдетілген несиеге рәсімдеп, биыл ұрықтандыруға да субсидия алыпты. Жалпы өңірдегі мал санын өсіруге мемлекеттік бағдарлама айтарлықтай сеп болып отыр.
Бағдәулет Түктібаев, Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Айданымызда ірі қара саны 123% өсті. Былтыр 57 200 бас болса, биылғы 7 ай ішінде 71 700-ге жетті. Жылқы саны былтыр 20 700 болса, биыл 27 000 жылқы бар. Қой-ешкі саны да 35 мың басқа артып, 182 мыңға жетіп отыр.
Асыл тұқымды мал басын арттыру үшін азық қоры да мығым болуы тиіс. Сондықтан жергілікті шаруалар шабындық алқаптарын тұрақты түрде суару әдісіне көше бастаған. Биыл 12 жоба қолға алыныпты. Бұл қуаңшылық жылдары да, ауа райы мен ылғалға қарамастан мол өнім алуға мүмкіндік береді.
Саламат Ешманов, шаруа қожалығының өкілі:
-Өзен арнасындағы мол су жиналатын тұсын таңдадық. Сол жерден құбыр жүргізіп, суару аппараты қосылады. Оператор автоматты түрде қосады. Бір орында айналып суарғанда 80 гектар жерді қамтиды. Биыл әзірге екі алқапқа отырғыздық. Түсім де көңілімізден шықты.
Атыздар мен алқаптарды үнемдеп суару әдісі бау-бақшада да белсенді қолданылып отыр. Мәселен, ауданның бағбандары тамшылатып ылғал жеткізу арқылы әрбір гектардан 50 центнерден қарбыз алған. Сондықтан мемлекеттің бюджетінен 2 млрд-қа жуық қаржы бөлініп, жүзеге асырылған 12 жобадан бөлек шаруалар да мың жарым гектар жерге жеке қаражатынан құбыр жүргізбекші.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков