Ақтөбе облысының Алға ауданында кәсіп ашушылар көбейген
Соның ішінде уақыт талабына сай сапалы өнім шығаратын жастар мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға ниетті қожалықтар көбеюде. Құрылыс қоспаларынан түрлі пішіндегі формалар жасайтын Әмірхан Ізбасқановты бүгінде жерлестері үлгі тұтады. Себебі төрт жыл бұрын бастаған кәсібін қазір жаңа деңгейге көтеріп, өнімі екі бірдей қала – Алға мен Ақтөбеде танымал. Әрі бағасы да нарықтағыдан әлдеқайда арзан. Жігерлі жастың алғашқы қадамы Ташкентке барып жергілікті шеберлерден гипстен түрлі пішіндер жасауды үйренуден басталған еді. Ал мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз қаржы 5 млн теңгеге қажетті қалыптар алып, оннан астам жерлесін тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Әмірхан Ізбасқанов, кәсіпкер:
-Қысы-жазы жұмыс жүре береді. Қазіргі таңда 4 адам жұмыс жасап жатыр. Ақтөбе қаласынан заказ шықса, Ақтөбе қаласына жүреміз. Алға қаласында шықса, Алға қаласында. Екі қалада да жүре береміз және де Маңғыстау, Тараз, Қызылорда, Орал қалаларына доставка жібере береміз.
Алға ауданының ауыл шаруашылығында да қарқынды өсім байқалады. Әсіресе төрт түлікке қатысты бағдарламаларды тиімді іске асырудың арқасында жылқы, сиыр, қой-ешкінің саны біраз артқан. Мәселен, 6 жыл бұрын 300 бас асыл тұқымды қой алған Сәлімжан Ақбергеновтің қожалығы қазір оның санын екі мың басқа жеткізіпті. Соңғы кездері қошқар мен қозыларды өзге отарға қосу арқылы өлкедегі мал тұқымын жақсартуды қолға алған.
Сәлімжан Ақбергенов, шаруа қожалығының басшысы:
-Қазір 12 адамым бар. Сосын контрактной основада келіп істеп жатыр. «ҚазАгроФинанспен» жұмыс істедік. Техникалар алдық көп. Жақсы қолдады. Рулон алдық, трактор алудамыз. Үкіметтен субсидия алып жатырмыз. Соның арқасында жайлап-жайлап көтеріліп келе жатырмыз.
Биыл аудан бойынша 16 қожалық қаржы институттары арқылы 658 млн теңгеге мал сатып алған. Ал, бұл салада әзірге 10 млн теңгенің өнімі өндірілген.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев