Павлодар облысында мектептерді бейнебақылау камераларымен қамту жобасы аяқталды
Олардың жартысына жуығы Полиция департаментінің жедел әрекет ету орталығына қосылған. Ал мектептерде өрт оқиғалары тіркелгендіктен, барлық нысанда дабыл батырмалары орнатылды.
Облыс мектептерін бейнекамералармен қамту мәселесі өткен жылы көтерілген. Бүгінге дейін әр білім ошағы жіті тексерілген. Себебі ғимарат ішінде камераға түсе бермейтін аумақтар көп. Нәтижесінде құрал орнатылмаған нысандар анықталды. Қазіргі уақытта олқылықтың орны толды.
Бүгінде облыстағы 200-ге жуық мектеп полицияның шұғыл әрекет ету орталығына қосылды. Мамандар нысандарды мамандандырылған күзет қызметімен қамтуға да баса назар аударады.
Қуаныш Мұстафинов, облыстық ПД ЖПҚ басшысының орынбасары:
- Облыстың 160 мектебінде мамандандырылған күзет қызметі іске кірісті. Қалған мекемелерде вахтерлер мен күзетшілер бар. Алдағы уақытта барлығын ауыстырамыз. Біз білім беру ошақтарымен жедел әрекет ету алгоритмін пысықтадық. Оқыс жағдай болса, жедел әрекет ету орталығына хабарлама түседі.
Өткен оқу жылында облыстың бірнеше мектебі отқа оранды. Өрттің шығуына электр жүйесі емес, ұзартқыштан шыққан ақау және қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған. Бұл жайт сабақ болды. Төтенше жағдайдан соң мекемелердің барлығы дабыл батырмаларымен қамтылды.
Гүлмира Мантықова, №28 орта мектептің директоры:
- Өрттен соң жөндеу жұмыстары басталды. Бюджеттен 142 млн теңге бөлінді. Зақымданған сыныптар, техника, барлығы қалыпқа келтірілді. Өрт дабылы мен электр желілері толық жаңартылды. Биыл мектебімізде мыңнан астам бала оқиды.
Павлодардағы бұл мектептің 1200 шаршы метрлік шатыры түгел жанып кетті. Қазір бала қабылдауға сақадай сай. Жалпы өрттен соң өңірдегі барлық мектеп тексерілді. Олқылықтар жойылды. Павлодар облысының оқу мекемелерін кешенді жөндеуге 9,2 млрд теңге бөлінді.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат