Президент Жолдауында қандай мәселелер қамтылды?
Жуық арада салалық министрліктер Мемлекет басшысының стратегиялық құжатта айтқан мақсат-міндеттері бойынша нақты жоспар құрып, көпшіліктің назарына ұсынатын болады.
Енді солардың бірқатарына тоқталсақ.
Зейнетақы жүйесі қайта жаңғыртылады. Әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітіледі. Ал зейнетақының төменгі базалық мөлшерлемесі – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%, яғни шамамен 49 мың теңгеге жеткізілмек. Жоғарғы шегі болса, 120%, демек 84 мың теңге мөлшерінде болады деген сөз. Бұл қадам 2025 жылға дейін жиынтық зейнетақы мөлшерін шамамен 27% көбейтеді, – деді Мемлекет басшысы.
Келесі жылдан бастап сондай-ақ бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі ұзартылады. Бұған дейін ата-аналар сәби бір жасқа толғанша төлем алғаны белгілі. Енді жөргекпұл бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленбек. Президент бұл қадам - ата-аналар сәбидің жанында ұзағырақ болуы үшін жасалып отырғанын айтты.
Келесі мәселе Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие. Бұл сала бүгінде ішкі жалпы өнімнің 5-6% береді. Жанама салалар қосылса бұл көрсеткіш одан да артатыны анық. Қазір елімізде сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2,5 мыңнан астам құжат бар. Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құрылыс стандарттары мен нормалары әлі де қолданылады. Сондықтан Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын, – деді президент.