Статистика бойынша еліміздегі жұмыссыз азаматтардың саны 452 мыңға жуықтайды.
Түлектеріміздің кәсіп таңдаудағы қателігіне не себеп?
«2013 жыл оқуға түстім. Юристке. Одан кейін оны жалғастырмадым. Өкініш болды. Басқа мамандық таңдау керек еді». Бұл Сержан Хасеновтің өкініші. Мамандық таңдауда қателескенін байқап, оқуын жалғастырмайды. Кейіннен жұмыспен қамту орталығына тіркеледі. Арнайы курстан өтіп, құрылыс саласы бойынша сертификатын алады.
Сержан Хасенов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
-Құрылыста істедім, объем алып, жүргізуші болдым, өзімнің жеке кәсібім де болды. Бәрі тоқтады. Әрі қарай тұрақты жұмыс керек болды ғой.
Иә, Сержан Хасеновтің күйіне қазіргі таңда жоғарғы оқу орнын бітірген студенттер де жиі түсіп жатады. Олардың арасында өз саласы бойынша төленетін айлық ақыларды аз санайтындар да бар екен.
Мейрамгүл Имашова, ЖҚО Байқоңыр ауданы бойынша жұмысқа жәрдемдесу бөлімінің басшысы:
-120-150 мың теңгені қанағат тұтпайды олар. Сосын өзінің мамандығына сәйкес емес жұмыстарға барып, жеңіл-желпі күнделікті ақшаға риза болады, сонымен өзінің мамандығы ұмытылып қалып жатады. Негізі кішкене шыдамдылық танытып Өзінің 4 жыл бойы оқыған мамандығымен кішкене жас маман болып бұйырған жалақысына кірсе, болашақта жақсы маман болып жақсы жерден көрінеді деген ойдамын.
Елорданың өзінде жұмыссыз ретінде тіркелгендердің 64% жоғары білімді азаматтар. Олар қазірде орталық ұсынған 25 мамандықтың бірін таңдап оқып жатыр.
Мейрамгүл Имашова, ЖҚО Байқоңыр ауданы бойынша жұмысқа жәрдемдесу бөлімінің басшысы:
-Кез келген кәсіптік қысқа мерзімді оқыту 6 айдан аспайды. Мемлекеттік шәкіртақы тағайындалған 21 мың теңге көлемінде. 25 мамандық бекітілген биыл.
Ел арасындағы сауалнама жастар арасында басқа кәсіппен айналысатындардың басым екенін көрсетті. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген бұған мектеп түлектерінің өз қабілеттерін ысырып қойып, грант көп бөлінген салаға қарай жүгіруі себеп болуы мүмкін дейді.
Мейрамбек Төлепберген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Кейбір адамдарда 5 диплом бар. Не үшін алады ол. Өзін шыңдап алатын болса 5 дипломды онда әңгіме жоқ. Қай мамандыққа грантты көбірек соған тұра жүгіреді биыл да көрінді ол мәселе. Ол да проблема. Әйтеуір диплом алу үшін төмен балмен өтетіндер жүгіреді. Кейбіреуі қымбат. Жағдайлары көтере алмайды.
Мәжіліс депутаты мемлекет жаңа ғасыр мамандықтарына қолдау көрсету керек екенін айтады. Ол қандай мамандықтар? Студенттер үшін ақпарат: графика: - әлемдік сарапшылар анықтаған ең қажетті он кәсіптің көшін копирайтер бастап тұр. Кейінгі орынға веб-дизайнер, байер, инженер, IT-маманы және эколог жайғасқан. Ал медицина, білім бағыты да ең қажетті қызметтердің ондығына кірген. Тізімді промоутер мен девелопер аяқтайды.
Иә, бұл сұранысқа ие салалар ғана. Алайда сарапшылар қандай қызмет болмасын әр азамат өзі қалаған бағытта саналы түрде еңбек етуі керек деп санайды. Сонда ғана жұмыссыздық деңгейі төмендеп, нағыз кәсіби бәсекелестік байқалатын болады.
Нұрлан Әбдікәрім, Канат Абильдин, Нурлан Малгельдинов