Акушер-гинеколог М.Ғазизқызы: «Адам дәрігер болып қалыптаспайды, дәрігер болып туылады».
Жасы 80-ге таяп қалса да, өз ісіне шын берілген ақ халатты кейуана жастармен бірге жұмыс істеп жүр. Себебі ауылда маман тапшы. Қарт дәрігер өзінің жарты ғасырлық еңбек жолында 1 миллионнан астам әйелді босандырған екен. Ал жұмыс тәжірибесінде ешқашан ана өлімі болмаған.
Маргарита Ғазизқызын Ақшидің жас-кәрісі өте жақсы көреді. Акушер-гинеколог дәрігердің елдің сүйіспеншілігіне бөленуінің бар сыры – өз мамандығына шын берілгендігінде. Өйткені ол өзінің жарты ғасырлық тәжірибесінде талай адамның өмірін ажалдан аман алып қалды. Керек кезде науқастарға қан тапсырып, тіпті, баламен бірге жатыры шығып кеткен әйелдің өміріне араша түскен кезі де әлі есінде.
Маргарита Галымова, жоғары санатты акушер-гинеколог:
-Қатты күшеніп, баласымен бірге шығып кеткен. Одан кейін ол әйел екі баласын туды. Кесаревомен туды, бірақ, екі бала көтеріп, екі бала туды. Басқа жерде болса, маткасын алып тастар еді. Жас әйел инвалид болып қалар еді деп ойлаймы. Бірақ біз сақтап қалдық оны.
Құрбангүл Үрпекова, қала тұрғыны:
-2011 жылы 18 январьда босандым. Сөйтіп аман-есен босанғам. Бірақ үйге келгенде қансырады. Сөйтсем ішімде қан қалып қойған. Осы Газизовнаның арқасында өмірге қайта келдім. Қазір қызым аман-сау, 11 жаста, 6-сыныпқа көшті. Мың алғыс бұл кісіге. Екінші анам – бұл менің.
Маргарита Ғазизқызы Күрті аудандық ауруханасына 1976 жылы Мойынқұмнан ауысып келді. Медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі 51 жыл. «Мен жастармен жағаласып, орнымды босатпай, қызметке жабысып жұмыс істеп жүрген жан емеспін. Ауылда маман жоқ», – дейді дәрігер.
Қыздығай Әмірова, Ақши ауылдық ауруханасының акушері:
-Осы ауылдан шыққан жастар келіп жатыр. Осы Ақшиден шыққан жастар осы жерде қазір бізбен бірге жұмыста. Ал басқа жақтан жастар келмейді, шыны керек. Мамандардың жетіспеушілігінен де істеп жүрміз сол.
Маргарита Галымова, жоғары санатты акушер-гинеколог:
-Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Әйелдерім өз балаларым секілді, өз қызым секілді ойлаймын қазір осы уақытта. Қазір көп мына оралмандар келіп жатыр. Олар таңқалады «қалай мынандай неде жұмыс істеп жүрсіз?», – деп. Мен үйде отырсам білмеймін енді. Тез өліп қалатын шығармын...
Иә, өз ісіне шын берілген жандар ғана осылай сөйлесе керекті. Маргарита Ғазизқызы босандырған әйел-аналардың бәрі нәрестесін құшақтап, отбасымен аман-сау қауышып жатты. «Менің ізімді басар жастарға айтарым – мамандығын сүймейтін, өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын адам акушер-гинеколог бола алмайды. Әр науқасқа өзіңнің туысыңдай, тіпті, ұл-қызыңдай қарауға тиістісің. Өйткені адам дәрігер болып қалыптаспайды, дәрігер болып туылады. Мен бұл ұстанымымнан ешқашан айныған емеспін, айнымаймын да! Өле өлгенше елге қызмет етуге әзірмін!» – дейді ақ халатты абзал жан.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев