Хабар телеарнасы

Әулиекөлде өрттен зардап шеккен тұрғындарға арнап салынатын үйлердің құрылысы басталды

Әулиекөлде құрылыс жұмыстары өте қарқынды. Тіпті алғашқы үйлердің іргетасы қаланайын деп жатыр. Мұнда бірнеше күннен бері техникаға тыным жоқ. Үйдің іргетасын қалайтын бетондар әкелініп, жер қазу жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек жұмысшылардың осында күндіз-түні еңбек етуі үшін жылжымалы жатақханалар әкелініп жатыр. Жоспар бойынша мұнда 91 баспана салынады. Олардың әрқайсысының көлемі 10 да 10, яғни, 100 шаршы метр болмақ. Ауласы 8 соттық болады. Алайда тұрғындардың арасында бұл жерге көшкісі келмейтіндер бар. Айтуларынша бұл маңай батпақты. Олардың мәселесі не болмақ? 

Гауез Нұрмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары:
-Қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар өртенген баспананың өзінен бастап, ондағы мал-мүліктің бәрінің құнын есептеп шығарады. Жаңа үйлерді қаламаған тұрғындар бұдан бас тартып, орнына өтемақы ала алады. Ал олар көшкісі келмеді екен деп, орманның ортасына, яғни, қауіпті жерге үй сала алмаймыз. 

Әулиекөлге бірнеше күннен бері еліміздің барлық аймақтарынан гуманитарлық көмек толассыз келіп жатыр. Әсіресе, азық түлік пен киім-кешек көп. Бұған жергілікті тұрғындардың алғысы шексіз. «Енді тұрмыстық техника мен құрылыс заттары болса»,— дейді.

Аманжол Ахметов, жергілікті тұрғын:
-Апат осындай болғандықтан, бүкіл Қазақстанның түпкір-түпкірінен келіп, бәрі ештенеге қарамай, көмегін көрсетіп жатыр. Барлығы жан-жақтан келіп, тамағын, ақшасын да беріп жатыр.

Нұржан Жетпісбаев, «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы: 
-Ауылды аймақтарға өтіп, азаматтардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, барынша сол азаматтарға көмекті үлестіріп, оның ішінде бұл жерде мектептерде, интернаттарда орналасқан ауылдар бар. Осыған қоса мынау әлеуметтік аз қамтылған топтарға, енді барлығы бір ауылда өмір сүріп жатқаннан кейін қайғы қасіретті барлығы, бұл жапаны барлығы шегіп жатыр. Сондықтан оны сіздің мынанадайыңыз болды, мынандайыңыз болмады деп бөлмей, көмекті барлығына көрсетіп жатырмыз.