Хабар телеарнасы

Елордада әлі күнге дейін жылуға қосылмаған үйлер бар

Бұған бірінші себеп – жылудың жоқтығы. Оған көніп те өмір сүрер ме еді?. Базыналы бұқара осы үйден пәтер алғалы көштен қалдық деп ашынады. Тұрғындардың бар сұранысы қарапайым ғана өркениетті өмір болып тұр.

Фатима Әбілқасым, Астана қаласының тұрғыны:
- Қазір қазан келді, бәріне жылу беріп жатыр. Бізге бермеді. Ал біздің алдымызда қыс. Үлкен кісілер де бар. Жүкті әйелдер де бар. Баллар көп.

Мәселенің басты себебі – 2018 жылы қолданысқа берілген тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Жауапты мекеме әр жылы түрлі сылтаулар айтып жұмысты созбалап жүр екен. Қазірде пәтерлерге автономды, яғни газгольдер қондырғысымен жылу таратады. Алайда оның өзін құрылыс жүргізген мекеме жарытып қоспайтын көрінеді.

Индира Күлмаханова, Астана қаласының тұрғыны:
- Жылу 450 теңге, газ 39 теңге тұрады. Чек сұрадым, ештеңе көрсетпейді. Жылу сұрайтын адам жоқ. Былтыр ақпан айында жылуды өшіріп тастады. Не жасағысы келсе соны жасап жатыр. 

«Лазурный берег» тұрғын үй кешенінде жылу ғана емес, басқа да мәселелер шаш етектен. Мысалы, балалар алаңшасы талапқа сай емес. Тұрғындардың айтуынша, үй сызбасында 1 жеделсаты емес, 2 жеделсаты орнатылуы керек болған.

Тағы бір айта кетерлігі мұндағы тоқсаннан астам пәтер иелерінің басым бөлігі 4 жылдан бері өз құжаттарын ала алмай жүр. Олардың айтуынша, біздің түсірілім тобымыз барғаннан соң жауаптылар құжат мәселесінде қозғала бастапты. Дегенмен жылу жайы сол күйі қалған. Негізінде биыл әкімдік аталған компанияға көктем-жаз айларында орталық жылу жүйесіне қосу туралы міндеттеме жүктеген. «Астана — Теплотранзит» орталығының мамандары бұл бойынша рұқсаттың бар екенін айтады.

Абзал Сауғабаев, «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының режим және реттеу жөніндегі орынбасары:
- 2019-2020 жылдары орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуға техникалық шарттар берілген. Ғимараттан 350 метр жерде құбыр тұр. Содан тартып алу керек. Застройщик істейді оны.

Жәнібек Мұхамедов, Тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы:
- Бюджетте артық ақша жоқ. Негізінде құбыр жүргізу бойынша еш жерден қаржы қарастырылмаған. Бірақ жылу бойынша біз қазір көршілес «Табысты» тұрғын үй кешенінің жылу магистраліне қосу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ал шешім 10 қазанда анық болады. Автономды жүйеде қалуы да мүмкін немесе орталықтанған жылу жүйесіне қосылады.

Тиісті тарапқа жолданған шағым бұл жолы да нәтиже көрсетпесе, тұрғындар сотқа жүгінеміз деп отыр. Осылай олар көп жылдан бері келе жатқан мәселенің нүктесін қойғысы келеді.

Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Дархан Күнтуов