Бір мың дәрігер жетіспейді: 200 ауылда медицина нысаны жоқ
Мұның бәрі мәжіліс қабырғасында өткен үкімет сағатында айтылды. 400 елді мекенде ғимарат жалға алынған. Оның өзінде кейбірі апаттық немесе тиісті талапқа сай емес. Сондықтан шалғай ауылдарға автобустар қатынайды.
Медициналық қондырғылармен жабдықталған жалпы еліміз бойынша осындай 100-ден астам автобус бар. Жылжымалы емхана деп аталып кеткен бұл кешеннің ішінде қан қысымын тексеруге, ультра дыбыстық зерттеуден өтуге, сараптаманың бірнеше түрін жасатуға мүмкіндік бар. Тіпті өкпені де түсіруге болады. Аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылдарда дәрі-дәрмек те үлкен мәселе. Түйткілді шешу мақсатымен Қарағанды облысының 9 ауданында осындай жылжымалы дәріханалар ұйымдастырылған. Алдағы уақытта өзге өңірлерде де мұндай тәжірибені енгізу көзделген.
Бауыржан Байсеркин, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрағасы:
-Осындай әр автомобильде дәрі-дәрмектің шамамен 600-700 шақты түрі бар. Олар рецептсіз босатылады. 1 күнде шалғайдағы екі елді мекенге барады. Яғни түске дейін бірінде болса, түстен кейін екінші ауылда болады.
Заман көшіне ілесіп келе жатқан да ауылдар бар. Салалық министрлік берген мәліметке сүйенсек, ауылды жерлерде 2 мыңнан астам медициналық пункт, 800 фельдшерлік-акушерлік нысан, мыңнан астам дәрігерлік амбулатория, 200 емхана, 203 аурухана бар.
Десе де, ауылда маман тапшы. Үкімет сағатында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылға жұмысқа баратын дәрігерлерге қомақты көмек берілетінін айтты.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Келген әрбір дәрігерге 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді. Ал кейбір әкімдіктер, мысалы Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жәрдемақы 3-5 млн дейін бөліп отыр. Әлі де ауылға баратын дәрігерлердің әлеуметтік қолдауын күшейту қажет.
Айта кетейік, бүгінде ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған жоба әзірленген. Оның нәтижесінде өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынады. «Жалпы жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындарына медициналық көмек деңгейі артады, «алтын сағат» принципін сақтай отырып, ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету қамтамасыз етіледі. Мұнымен қоса, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын қайғылы жағдайлар азаяды», — дейді министрлік өкілдері.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Аманжол Байғазин